TuranART халықаралық ғылыми көркемөнер порталы
Жаңалықтар

Реализм өнерінің қайраткерлері: Қанапия Телжанов пен Цюань Шаньши ( Цюань Шаньши мырзамен сұхбат)

Цюань Шаньши (1930 жылғы қазан айында туған) — Қытай көркемөнер академиясының профессоры, Қытайдың әйгілі майлы бояу шебері. Ол бейнелеу өнері саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, Қытайдың заманауи кескіндеме өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі болып саналады. Цюань Шаньши шығармашылығы ұлттық дәстүр мен батыс бейнелеу техникасының үйлесімінен тұрады. Оның туындылары терең мазмұнымен, нәзік бояу реңктерімен және композициялық шеберлігімен ерекшеленеді. Ол табиғатты, тарихи тұлғаларды, тұрмыстық көріністерді және ұлттық болмысты бейнелеуде шынайылықпен бейнелейді.Профессор ретінде ол жас суретшілерді оқыту мен тәрбиелеуге көп көңіл бөліп, өз тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуде үлкен еңбек сіңіруде. 2014 жылдың қыркүйегінде Цюань Шаньши өнер орталығы ашылған.Қолынан әліде қылқаламын тастамаған суретші.

 Ең қызығы қазақтың даңқты суретшісі Қ.Телжановпен бірге оқығанында.

Қанафия Темірболатұлы Телжанов

Телжанов Қанафия. Көкпар.1960.кенеп,майлы бояу.150х325.

Ханчжоу қаласына барған әріптес ініміз, талантты суретші Толқын Табысбек бірден хабарласып, маған Қ.Телжанов бірге оқыған Цюань Шаньши деген атақты суретшімен жолыққанын айтты.Қ.Телжановқа деген құрметі ерекше екенін естідім. Мен бірден сұхбат алғым келіп сәлем айтып едім, ақсақал бірден келісті.

Ж.Берістен: Ресейдің И.Репин атындағы Өнер академиясы – терең тарихы бар өнер ордасы. Өткен ғасырдың ортасында Сіз және Қазақстанның атақты суретшісі Қанапия Телжанов өз елдеріңіздің тапсырмасымен, Отан алдындағы зор жауапкершілікпен Нева жағасындағы Репин академиясына оқуға келдіңіздер. Сіздер сол кезеңде қалай оқуға аттандыңыздар, сол оқиғаның мән-жайын айтып берсеңіз?

Цюань Шаньши (бұдан әрі – Цюань): 1949 жылы жаңа Қытай енді құрылған шақта мен Ұлттық өнер институтына түстім. Өзімді судағы балықтай сезініп, өнердің теңізінде еркін жүздім, әрбір мүмкіндікті ерекше қадірледім. Ол кезде институтта оқу бес жылдық еді: дайындық бөлімі – екі жыл, негізгі курс – үш жыл. Арнайы бөлімге бөлінбей, бәрі «кескіндеме» деп аталды, әрі қытай, әрі еуропа бейнелеу өнері қатар оқытылатын. Мен курстастарымның ұсынысымен староста болдым, кейін оқуымды мерзімінен бұрын бітірдім.

1953 жылы оқуымды тәмамдаған соң, институтта ғылыми қызметкер болып қалып, майлы бояу бағытын түбегейлі таңдадым. Сол жылы тағдыр мені тағы бір мүмкіндікті сыйлады – мемлекет жас республикаға қажетті кадр даярлау үшін студенттерді Кеңес Одағына оқуға жіберді. Іріктеу сынақтары қатаң болды: мәдениет пен кәсіби сынақтан өтіп, мен Линь Ган, Сяо Фэнмен бірге қабылдандым. 1954 жылы біз асқақ арман арқалап, ұзақ шетел сапарына аттандық.

Қ.Телжанов мырза – Қазақстан Республикасының (сол кезде Кеңес Одағының құрамындағы республика) белгілі суретшісі. Ол да Отан тапсырмасымен осы академияға келген. 1947 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін оқуға түсіп, 1953 жылы бітірген. Ол менен үш жас үлкен, демек біздің аға буын өкілі. Ол М.И.Авиловтың шеберханасында білім алды, кейін ол шеберхананы Е.Е.Моисеенко басқарды. Ал мені Орешников пен Мельниковтың шеберханасына бөлді, Моисеенко да менің ұстазым болды. Сондықтан бізді бір мектептен шыққан шәкірттер деуге болады.

Телжанов академияда жүргенде сурет құрылымын да, адам анатомиясының сұлулығын да терең зерттеді, кәсіби негізге ерекше ынта қойды. 1953 жылы профессор М.И.Авилов пен ассистент В.Л.Анисовичтің жетекшілігімен дипломдық жұмысы – «Амангелді Иманов» картинасын сәтті қорғады.

Оқуды тәмамдаған соң Алматыға оралып, Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде жоғары сыныптарға сабақ берді. Сонымен қатар шығармашылықпен жүйелі түрде айналысты. Ол өз халқының тарихын терең ұғынды, өткен мен бүгінді саралап, айқын шығармашылық бағыт қалыптастырды. Оның туындылары халық тағдырына, тарихына арналды, философиялық ойға толы болды. Замандастарының тұрмысын бейнелей отырып, нәзік те көркем полотнолар жасады. Студент кезінеде де сабақтан тыс уақытта да бар жан-тәнімен суретке беріліп, өзінің жеке шығармашылық жолын іздеді.Замандас, әрі бір мектептің түлегі болған соң сырттай жетістіктермізді біліп отырдық.

Ж.Берістен: Сіз де, Телжанов та еліңіздің өнері үшін өмір бойы еңбек етіп, реализм бағытын дамыттыңыздар. Сіздің «Ерлік пен табандылық», «Қытай қыздары – сегіз қыздың өзенге құлауы», «Қаннан құрылған қамал – еріктілер маршы» сияқты туындыларыңыз Қытай бейнелеу өнері тарихындағы  классикаға айналған. Замандас әріптесіңіз Қ.Телжанов жайлы әсеріңізді айтып берсеңіз.

Цюань: Қ.Телжанов соғыс тақырыбындағы картиналарымен үлкен жетістікке жетті. Ол – Қазақстанның аса көрнекті суретшісі. Оның шығармалары шынайы өмірге арналып, қазақ халқының мәдениеті мен рухын бейнеледі. Реализм бағытындағы еңбектері Қазақстан өнеріне тарихи үлес қосты. Оның атақты шығармалары өз   еліне келген соң жазылды. Ол көптеген марапаттарға ие болды: КСРО халық суретшісі, КСРО Өнер академиясының мүше-корреспонденті, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықаралық ЖОО академиясының құрметті академигі, КСРО Жоғары аттестациялық комитетінің профессоры.

Мысалы, оның «Көкпар» картинасы – қазақ даласының кеңдігі мен сырлы сұлулығын көрсететін эпикалық туынды.Сол уақыттағы ең атақты жұмыстардың бірі болды. Ат тұяғының дүбірі, бұлшық еттің ширығуы, шабандоздар мен сәйгүліктердің біте қайнасқан күресі – көшпелі мәдениеттің драмалық қуатын биік өнер деңгейіне көтерді. Ал «Қыз қуу» шығармасы – дала еркіндігінің романтикасын айшықтайды. Әр қимыл, әр бұрылыс көк аспан аясында ерекше лирикалық мәнге ие болып, батылдық пен нәзіктікті қатар бейнелейді.

Ж.Берістен: Қытай мен Қазақстанда майлы бояу өнерінің ортақ дәстүрі бар. Бүгінде екі ел де реализмнің жаңа жағдайдағы даму мәселелеріне тап болып отыр. Осы жайында пікіріңіз қандай?

Цюань: Қытайда майлы бояу тарихы жүз жылдан асады. Алғашқы буын – Ли Шутун, Ли Тефу, Сюй Бэйхун, Линь Фэнмянь, У Даюй секілді суретшілер Еуропада оқып келіп, Қытайда майлы бояудың іргесін қалады.

1949 жылдан кейін майлы бояу кең қанат жайды. Бұл кезеңде кеңестік реализм мектебі зор ықпал етті: біз студенттерді Ленинградтағы Репин академиясына жібердік, ал Герасимовты Бейжіңге шақырып, арнайы шеберхана аштық. Кеңестік мектеп бірнеше буынға әсер етті. Жуырда Мәскеу суретшісі Репиннің көрмесі Қытайда үлкен резонанс тудырды.

Реформа мен ашықтық дәуірінен кейін қытай суретшілері еркіндік жағдайында түрлі стильдерді дамыта бастады. Қазір Қытайда майлы бояумен айналысатындар саны ең көп. Мен болашағына сенемін. «Реализм ескірді» дейтіндер бар, бірақ бұл – үстірт пікір. Өйткені реализм жай көшірме емес, ол – суретшінің жан дүниесі мен сезімін бейнеге айналдыру. Фотосурет те, жасанды интеллект те адамның қолтаңбасын, жүрек жылуын алмастыра алмайды. Реализм жаңа дәуірде жаңа мазмұнмен жандана береді.

Ж.Берістен: 2014 жылы Ханчжоу қаласында Сіздің аты-жөніңізді иеленген өнер орталығы ашылды. Қартайған шағыңызда мұндай үлкен істі қолға алуыңызға не түрткі болды?

Цюань: Біз майлы бояуды көбіне репродукциялардан үйрендік. Ал түпнұсқаны алғаш рет шетелге барған соң ғана көрдім. Сол кезде түпнұсқа ғана нағыз әсер беретініне көзім жетті. Сондықтан Қытай жастары шетелге шықпай-ақ түпнұсқаларды көріп, үйренсін деп шештім. Осы мақсатта батыс шеберлерінің шығармаларын жинақтап, арнайы орталық құрдық. Орталықта «Батыс өнері залы» және «Цюань Шаньшидің жеке шығармалары залы» бар. Соңғы он жылда біз Ресей, Франция, Италия, Испания, АҚШ, Румыния сияқты елдердің көрмелерін өткіздік. Бұл орталық қытай майлы бояуының дамуына, көркемдік білім мен қоғамдық эстетикаға үлкен серпін берді.

Ж.Берістен: Майлы бояу өнері дұрыс дамуы үшін не нәрсеге көңіл бөлу қажет?

Цюань: Ең әуелі майлы бояудың өзіндік тілі мен заңдылықтарын үйрену керек. Бұл – балеттегі алғашқы қадам іспетті: аяқтың ұшына тұра білуің қажет. Сол тілге жетік болған соң, оны ұлттық мәдениетпен үйлестіріп, жергілікті сипат беру маңызды. Франция, Испания, Ресей осылай жасаған. Сондықтан Қытай да, Қазақстан да ең әуелі майлы бояу тілін меңгеріп, ұлттық ерекшелікпен байытуға тиіс. Сонда ғана шын мәнінде жаңа өнер туындайды.

Ж.Берістен: Соңында Қазақстан мен Қытай суретшілеріне айтар тілегіңіз?

Цюань: Қытай мен Қазақстан суретшілерінің достығы мәңгі жасасын! Майлы бояудың жарқын бояуларымен халықтарымыздың достығын бейнелеп, реализм өнерінің мәңгілік дастанын жаза берейік!

Ж.Берістен:Қызықты әрі мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын.

 

Жанарбек Берістен,
әл Фараби ат.ҚҰУ профессоры, философия ғыл,кан.
ҚР Мәдениет қайраткері


 

 

 

 

 

 

 

 

Цюань Шаньши. «Тәжік қызы» 1980 ж, к, м б, 85×93.

Цюань Шаньши.«Құнлұн тауының жасы – Лоцы Имин» 2014 ж.к, м б.120×95.

Цюань Шаньши. «Ресейдің халық суретшісі, профессор Мельников» 2003 ж.к.м б.116×109.

Цюань Шаньши.«Қытайдың ұл-қыздары – Сегіз қыздың өзенге құлауы» 2003 ж,к, м б.300×200.Нинбо өнер музейінің коллекциясында

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Находки из кургана «Олень-Колодезь»

admin_turan_kz

Маленькие шедевры иллюстратора Светланы Бойко!

admin_turan_kz

«Қазақ өрнегінің философиясы: студенттерге арналған танымдық дәріс»

admin_turan_kz

Пікір жазу