TuranART халықаралық ғылыми көркемөнер порталы
ЖаңалықтарӨнер шеберлеріӨнертануӨнертанушы

АҒАЙЫНДЫ НҰРБЕК ЖӘНЕ НҰРТАЙ ЖАРДЕМОВТЕР: ҚАЗАҚ КЕСКІНДЕМЕСІНДЕГІ ЖАҢА ЛЕП

 

Жанарбек Берістен

профессор, философия ғыл.кан.Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері

Әл-Фараби атҚҰУ

Қазақ бейнелеу өнерінің тарихында ағайынды Құлахмет және Сұлтанахмет Қожықовтардан орны ерекше — олар отандық кинематография мен графикалық өнерде терең із қалдырды. Олар ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық рухани кеңістігін көркем бейнелер арқылы дамытуда маңызды рөл атқарды. Қазақ өнерінде ағайынды таланттардың қатар көріну құбылыстары саусақпен санарлық. Ағайынды дегенде қазақ көркем өнеріне соны сүрлеу салып жатқан таланттар туралы болмақ. Сол сирек мысалдардың бірі – осы шығармашылық дәстүрді жалғастырушы, бірақ заманауи көркемдік бағыттармен толықтырып жатқан,   жаңа   буын өкілдері  – ағайынды Жардемовтер. Бір отбасыдан екі суретшінің шығуы – өте сирек кездесетін құбылыс. Бұл – табиғи талант пен ортақ көркемдік орта, эстетикалық тәрбиенің үйлесімді жемісі.

Жардемовтер отбасында өнерге деген қызығушылық өте күшті. Бірақ солардың ішінде таза шығармашылыққа ден қойған Нұрбек(1971туған)  пен Нұртай(1973туған) ғана.  Қазақ бейнелеу өнерінің кеңістігінде соңғы жылдары ерекше көзге түсіп, тың тыныс алып келе жатқан есімдер ретінде  – ағайынды Нұрбек пен Нұртай Жардемовтерді ерекше атауға болады. Екеуі де қазақ кескіндемесіндегі жаңа парақтарын ашып үлгеріп,  кәсіби суретші ретінде танылып, әрқайсысы өзіндік бағытымен дараланды. Бұл олардың тек генетикалық бейімділігінің ғана емес, сонымен бірге бір-бірін шығармашылық тұрғыда шабыттандырып, қолдауының нәтижесі деуге болады. Олар ортақ дәстүр мен ұлттық тақырыптарға сүйене отырып, әртүрлі көркемдік тәсілдер мен бағыттарды меңгерген. Өнертанушылар көп біле бермесе де, мен деген талай суретші үндемесе де таланттарын мойындаған.

2010 жылдардан бастап қазақ көркемөнерінде жаңадан қосылған таланттар саябырсыған кез. Бұл жыл өткен сайын азайып жатқан шығармашылық ортаны, таланттар дағдарысы дейміз бе, әйтеу болашақта қазақ өнері үшін үлкен проблеманың бірі болары сөз. Дәл осы уақытта екпіндетіп ағайынды Жәрдемовтер қосылды.

Қазіргі уақыттың қарқыны мүлде басқа. Жабайы капитализм орныққан елде асықпай келу деген мүлде жоқ деп қабылдаған дұрыс сияқты. Атақ, дәреже шекарасы дегенге қарайлайтын түк жоқ. Бұзып жарып кіру керек. Аға буын, ақсақалдар деген ұғым қазақ көркемөнерінде Сабыр Мәмбеевпен бірге жерленген. Дарынсыздардан құралған, өсек, жамандық, көре алмаушылықтан қолы босамайтын, сасық иіс іздеп жүретін «Қара шыбындар одағы» дәуірлеп, «Гүл іздеген ара»- көрсе басқа әлемнің иесін  көретін дәрежеге жеткен уақыт бұл. Қалай болған да, айтарымыз қазақ көркемөнері болғандықтан, таланттарды бағалай білуіміз керек.

Ағайынды Нұрбек және Нұртай Жардемовтердің  дәстүр мен жаңашылдықтағы – кесек ізденістерге деген ұмтылыстары өте күшті нағыз суретшілер. Шығармаларында орнықтылық, сенім, көркемөнерлік шынайы білім бар. Екі түрлі бағытта шығармашылықпен айналысатын бұл суретшілер ұлттық кескіндеме мектебіне жаңа леп, жаңа көркемдік ізденіс әкелді.

Нұрбек Жардемов – өмірдің шынайы сәттерін бейнелейтін реалист, әрі өзіндік ізденіс шеңбері, қолтаңбасы айқын модернист.

Оның шығармалары отыз елдің суретшілері қатысқан «Ұлық Ұлыс –Алтын Орда» (2020 жылы), «Тұран романтизмі» (2022 жылы), «Тұран метастилі» (2025 жылы) атты халықаралық антологияға шығып үлгерді. Халықаралық Тұран сыйлығының иегері,  Нұрбек Жардемов – кескіндемеде реализм мен модернисттік бағыттағы шабыт тізгінін қатар әрі нық  ұстаған  суретші. Шығармашылық ритмді ұстай алған, өндіріп жұмыс жазуда. Оның туындылары жанр табиғаты да сан алуан,  күнделікті тіршіліктің шынайы көріністерінен бастап  қарапайым адамдардың бейнесін, ұлттық болмыс пен табиғаттың үйлесімін көркемдікпен жеткізеді. Әрбір картинасынан өмірге деген терең формалық  түсінік, колориттік сезім мен шындықты көресіз. Ол өзінің жұмыстары арқылы көрерменге жақын, таныс, әрі жылы сезім тудырады. Қазақ тұрмысы мен мәдениетін шынайы әрі нәзік жеткізудегі шеберлігі оны қазіргі заманғы өнердің жарқын өкілі етеді. Олар жаңа реалистік бағыттағы кескіндемеге тың серпін беріп, ұлттық болмысты жаңа стильде ұсынуда. Оның шығармашылығын бейнелеу өнеріндегі философиялық еркіндік сияқты сан түрлі бағыттардың көркем синтезі деген дұрыс. Нұрбек реализмінде шексіз реализмді таппайсыз, бірақ  қатаң стильдің жаңа қыры  ерекше сезіледі.  Айқын силуэттер, мазоктар арқылы берілеген публицтизм, эстетикалық позициясы,  түйінді композициялық шешім бәрі бар. Кеңестік кезеңдегі «қатаң стиль» дәстүрінің жаңаша интерпретациясын байқата отырып, автор кейіпкерлерге реалистік тұрғыда терең мағына жүктей алады. Бұл тәсіл картинаға бір жағынан ресми салтанаттылық берсе, екінші жағынан – ішкі мазмұн мен көркем идеялық қуатты күшейтеді.

Нұрбек Жардемовтің шығармашылығында тарихи тақырыптарға деген ерекше көзқарас та айқын байқалады. Соның ішінде «Исатай мен Махамбет» тақырыбына арналған туындысы – қазіргі қазақ кескіндемесіндегі жаңа реализм бағытының ізденіс үлгісіне айналып отыр.

Бұл еңбекте автор тарихи тұлғаларды тек дәстүрлі бейнелеумен шектелмей, батырлардың ерік-жігері, халық тағдыры үшін күрескерлік рухы, өзара достық пен сертке берік адалдығы нақты әрі әсерлі көркемдік тілмен жеткізілген. Бұл туынды – өткен мен бүгіннің арасындағы көркем көпір іспеттес. Ел тағдырын арқалаған тұлғалар бейнесі арқылы автор ұлттық рухтың мәңгілігін танытады.

Исатай мен Махамбет. 140х260. к,мб. 2022.

 «Исатай мен Махамбет» тақырыбындағы еңбегінде реализм  қатаң стиль негізінде тарихи кейіпкерлерді бейнелегенімен, кескін мен кеңістік шешімінде жаңаша көркемдік ізденістер көрініс табады. Бұл картинада кеңестік дәуірдегі «қатаң стильдің» дәстүрі мен қазіргі заманғы көркемдік көзқарас үндесіп, авторлық қолтаңбаға тән, ерекшелік қалыптасқан. «Исатай мен Махамбет» картинасындағы ұлт намысы, ұлттық болмыс пен тарихи жадыны бейнелеу — бейнелеу өнеріндегі ең жауапты миссиялардың бірі. Осы жолда суретші тек тарихты қайталап қоймайды, ол ұлттың жан дүниесіне үңіліп, өткеннен бүгінге үн қатады. Осы тұрғыдан алғанда, «Исатай мен Махамбет» картинасы – тек тарихи көрініс емес, елдікті, күресті, бірлікті сурет тілімен өрнектеген рухани шығарма. Композиция ортасында – халық батыры Исатай Тайманұлы мен оның серігі, жалынды ақын Махамбет Өтемісұлы бейнеленген. Олар Нарын құмның қақ ортасында бас қосқан жауынгерлердің алдында тұр. Бұл орналасу – кездейсоқ шешім емес. Автор қос батырды ел тағдырын шешуші тұлғалар ретінде көрсетеді. Олардың дене тұрысы, көзқарасы – табандылық пен сенімділіктің белгісі. Олар сөзбен де, іспен де жол бастаушы.Картинада бейнеленген жауынгерлер – қазақ халқының ел үшін жанын пида етуге дайын болған ерлерінің символы. Олардың құм үстінде топтасып отырған қалпы – шешуші сәт алдындағы үнсіз келісімді, ант іспетті. Бұл көрініс – отарлық езгіге қарсы тұрған халықтың бірлігін көрсетеді. Картина кеңістігі кең дала арқылы тереңдікке бойлайды. Арба, түйе, жылқы сияқты этнографиялық элементтер шығарманың тарихи шынайылығын күшейтеді. Бұл элементтер суреттің идеясын тек тарихи дерекпен емес, философиялық астармен де байыта түседі.Түстер палитрасы да мағыналы: сарғыш-құм түстері — дала кеңістігін көрсетсе, батырлардың үстіндегі қара-көк және жасыл реңктер – қайрат пен күреске толы мінезді білдіреді. Ашық аспан – үміттің белгісі, ал жадағай киінген халық жауынгерлері – ел тағдырына ортақ жауапкершілік пен қарапайым қазақтың ұлылығын көрсетеді.Суретшінің ерекше шеберлігі – тұлғалар бейнесін типтендіру арқылы ұлттық сипат беріп, олардың ішкі рухын аша білуінде. Исатай – салмақты, сабырлы көшбасшы ретінде бейнеленсе, Махамбет – отты, сөзбен жебедей ататын рухтың символы. Ол көрерменге өткеннің батырлық рухын жеткізіп қана қоймай, бүгінгі ұрпаққа еркіндік пен бірліктің мәнін терең сезіндіреді. Бұл туынды — тарихи тұлғаларға құрметтің ғана емес, ұлттық рухты тәрбиелеудің де құралы. Нұрбек Жардемов – реализммен қоса  модернистік ізденістерге көп баратын  суреткер.Суретшінің көп еңбектерінде модернистік ізденістер айқын байқалады. Ол кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін жеткізуде композициялық құрылыммен, түстердің контрастылығымен және көркемдік формаларды шарттандыру әдістерімен тәжірибе жасаудан қашпайды.

«Qar-Арт07» картинасыНұрбек Жардемовтің модернизмге қарай жасаған бұл қадамы – оның суретші ретінде шеңберден шығуға ұмтылғанын, формамен де, мазмұнмен де еркін жұмыс істей алатынын көрсетеді. Ол ұлттық бейнелеу өнеріндегі дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, жаңа көркемдік тіл табуға тырысып, жаңаша сезініп сипаттаған. Қазіргі заманғы бейнелеу өнерінде модернистік бағыт — реалистік шындықтан алшақтап, формалық мағына мен символдық деңгейге ерекше мән береді.

Qar-Арт 07, 90х120.к,мб. 2022

Мұндай шығармаларда басты рөлді нақты оқиға емес, символ мен форма ойнайды. Осы бағытта жазылған жылқы, тазы ит және бала образдары бейнеленген картина – ұлттық болмысты заманауи стильмен ұштастырған туынды. Картинаның басты символы – жылқы. Ол қазақ үшін тек көлік құралы емес, бостандықтың, еркіндіктің және көшпелі рухтың киелі бейнесі. Алайда бұл шығармада жылқы классикалық емес, формасы еркін шешілген, кей тұстары абстрактылы формада көрсетілген. Бұл – суретшінің оны нақты емес, идеялық бейне ретінде ұсынғанын білдіреді. Жылқы — өткен мен бүгін арасындағы көпір, ұлттың тарихы мен ішкі рухының символы. Жылқы үстіне шыққан балалар – ерекше көркемдік шешім тапқан. Бұл көрініс балалық еркіндік, ойнақы болмыс пен табиғатпен тұтастықты білдіреді. Балалар жылқының үстінде еркін қозғалуы – адамның табиғи болмысқа етене жақын екенін, ұлттық рухтың жаңа ұрпақпен жалғасып жатқанын аңғартады. Мұнда ұрпақ пен ұлттың арасындағы рухани сабақтастық терең ишара арқылы жеткізілген. Картинада тазының формасы да дәстүрлі шеңберден шыққан: ұзартылған, кей жерлері тіпті авангардық  мәнерге жақын.  Образдар рухани әрі абстрактылы мағынасын аша түсіп, сергек сана мен ішкі түйсік бейнесінде берілген.Суреттегі форма шешімі – модернистік мәнердің негізгі ерекшелігі. Жалпақ мазок бояулар нақты шындықтан алыстап, экспрессия мен эмоцияға көбірек құрылған. Кеңістіктің бұрмалануы, пропорцияның әдейі бұзылуы — мазмұнды терең жеткізу үшін қолданылған көркемдік тәсіл. Балалар денесінің созылыңқы пішіні, қозғалыстың бір мезгілде бірнеше бағытта берілуі — уақыт пен кеңістікті шартты түрде көрсету арқылы ой еркіндігін жеткізеді.Түстер палитрасы – жылы, табиғи реңдерден құралған. Сары, қоңыр, жасыл түстер — дала кеңістігі мен балалықтың еркін энергиясын жеткізеді. Автор дәстүрлі түс символикасын заманауи бояу шешімдерімен қабаттастырып, өткен мен бүгін арасындағы үндестікті байқатады. Бұл модернистік картинада берілген жылқы, тазы және балалар образдары — ұлттық рухтың, еркіндіктің және табиғи болмыстың күрделі әрі терең символдары. Автор форманы еркін бұзып, шындықты ішкі көру арқылы жеткізуге тырысқан. Бұл туынды — тек көркемдік эксперимент емес, ұлттың мәдени коды мен сана-сезіміне терең бойлаған рухани ізденіс.

Ал Нұртай Жардемов болса, мүлде басқа – сюрреалистік бағыттың ізденімпазы. Оның шығармалары отыз елдің суретшілері қатысқан « «Тұран романтизмі» (2022 жылы), «Тұран метастилі» (2025 жылы) атты халықаралық антологияға шығып үлгерді. Оның шығармалары сана мен қиялдың, шындық пен иллюзияның арасында тербеліп, көрерменді беймәлім әлемге жетелейді. Суретшінің жұмыстары тек көркем бейнелеу емес, терең философиялық ойды да өзек етеді. Арман мен астар, символика мен психологиялық әсер оның картиналарында өзара қабысып, көрерменді өз ішкі әлемімен бетпе-бет қалдырады. Нұртай Жардемов – сюрреализмі  еркін ойдың синтезі. Оның туындылары көрерменді сана мен қиялдың шекарасынан шығарып, бейнелер мен мағыналардың терең қабаттарына жетелейді.Алайда Нұртайдың сюрреализмі – тек ауыр философиялық астарлардан тұрмайды. Керісінше, юмормен, ирониямен, парадоксальды шешімдермен ерекшеленеді. Жаңалығы да осында. Ол шындық пен қиялдың арасында ойнақы, кейде қасақана абсурдқа жақын образдар құрып, көрерменді таңғалдырып қана қоймай, ойландырып, күлдіре де біледі.Сонымен қатар, Нұртай еркін толғау формасына жиі барады. Яғни, ол кескінді логикалық құрылыммен емес, эмоция мен бейсанада туындайтын ассоциациялармен байланыстыра отырып құрады. Оның шығармаларында нақты тақырыптан гөрі сезімнің, ішкі күйдің, ой ағымының бейнесі басым. Бұл еркіндік – автордың даралығын, өнерге деген ішкі еркін қарым-қатынасын көрсетеді. Оның жұмыстары тек көркем образ ғана емес, көрерменмен диалогқа ашық кеңістік, көркемдік рефлексия алаңы іспетті.

                                                     

1.Украина бейбітшілігі туралы толғау.                                                2. «Тіршілік». 110 x 80. К,мб.2023
130 x 100.к,мб.2023

 

«Украина бейбітшілігі туралы картина» — бұл Украина тағдыры мен адамзат санасы жайлы ең алғашқы суретшінің жан айқайымен салынған туынды. Қазіргі замандағы ең ауыр, әрі жүрекке бататын тақырыптардың бірі — соғыс. Ол жай ғана әскери қақтығыс емес, адамзат санасының сынағы, адамгершілік пен ақыл-ойдың таразысы. Бұл тұрғыдан алғанда, соғыс тақырыбына көркем шығарма арқылы азаматтық позиция білдіру — екінің бірінің қолынан келмейтін терең рухани батылдық.Соңғы уақытта бейбітшілікке үндейтін, соғысқа қарсы үн қатқан шығармалардың ішінен ерекше атап өтерлік картина осы. Украинадағы соғысты бейнелейтін және бейбітшілік туралы терең философиялық ой қозғайтын тамаша туынды. Бірде бір ақын жазушы бұлай үн қата алмаған тақырып. Суретші Нұртай бәрінен азаматтық көзқарас тұрғысынан алға шықты. Сурет композициясында көрерменнің назарын бірден аударатын кейіпкер — саналы көздерімен әлемге қарап тұрған украин қызы. Ол – тек бір ұлттың емес, күллі адамзаттың бейбіт өмірге деген үнсіз, бірақ өте әсерлі өтінішінің символы. Оның көзқарасы — саясаттың да, мүдденің де, ұранның да ар жағындағы қарапайым адам болмысы.Картинаның ортасында — Жер шарының өзегі бейнеленген. Онда Украина мен Ресей сарбаздары өздерінің таңбаларымен кескінделген. Олар андасу рәсімін жасап, пафоспен, салтанатты түрде өз қаруларын лақтырып тастап жатыр. Мұнда автор қаруды тастау — әлсіздік емес, керісінше, рухтың күштілігі екенін ұғындырғысы келсе, андасу арқылы туыстыққа шақырады.  Әр сарбаздың қозғалыс пластикасы, бет әлпеті, көзқарасы — олардың да ішкі азап шегіп тұрғанын білдіреді.Тағы бір бернелік элементі — бейбітшіліктің мәңгілік белгісі көгершін. Ол оқтарды теріп жеп жатыр. Бұл деталь — шеберлікпен ойластырылған күрделі аллегория. Көгершіннің осылай әрекет етуі — зұлымдықтан азық алғанымен, ол соны бейбіт ниетпен «сіңіріп», жоюға тырысады деген үмітті ой салады. Автор бұл сурет арқылы тек бір елдің қайғысын ғана емес, тұтас адамзаттың ортақ мәселесін көтереді. Бүгінгі күні саясат майданында бейтарап көзқарас ұстану қиынның қиыны. Алайда дәл осындай өнер туындылары ғана бізге ең басты құндылық — бейбітшілік екенін еске салады. Бұл картинада соғысқа қарсы батыл үн, терең адамгершілік үндеуі жатыр. Зомбиланған Қазақ қоғамында да соғыс туралы пікір де екіұдай. Діни фашизмді де, басқыншылыққа соғысты қолдайтын зомби жарыместер еліміз  де жетіп артылатыны шынай шындық.   Осы тұрғыда суретшінің туындысы – санаға серпіліс, ойға қозғау беретін көркем манифест. Бұл шығарма — тек сурет емес, үнсіз айқай. Ол көрген жанды селт еткізіп, өз ішкі дүниесіне үңілуге жетелеп, оянуға шақырады. Сондықтан да мұндай картина — заманауи өнердің аса маңызды туындысы ретінде бағалануға әбден лайық.

  1. «Тіршілік». 110 x 80. К,мб.2023. Бұл картина ұрпақ сабақтастығы мен өмір жалғастығының көркем бейнесі.Бұл шығарма – ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, аналық мейірімді, тіршіліктің үзілмейтін арнасын философиялық тұрғыдан толғайтын көркем туынды. Картинаның композициялық шешімінде басты назар адамға – қазақ тұлғасына аударылған. Ал екінші планда бейнеленген жылқы — көрерменнің назарына бірден іліге қоймайтын, бірақ жалпы мазмұнды толықтырып, тереңдете түсетін образ ретінде берілген. Бұл шешім автордың идеялық тұғырын – қазақ болмысының терең қабаттарын астарлы түрде жеткізуін айғақтайды.Жылқы — мұнда көмекші ғана емес, ішкі мазмұнның діңгегі. Образдық фон ретінде  берілген жылқы – қазақтың тіршілік ету кеңістігі мен мәдени кодын меңзейді.Ол – қазақтың еркін жаратылысының, көшпелі философиясының және өмір салтының метафорасы. Картинаның алдыңғы планында ұрпақ жалғастығы юмормен терең көрсетілген.  Бұл көрініс — тек тұрмыстық сәт емес, символдық мазмұнға ие. Ана мен бала – тіршіліктің бастау нүктесі, өмірдің мәңгілік жалғасуының көркем коды. Екінші пландағы образ – буаз бие мен ішіндегі құлын. Бұл – қазақ дүниетанымындағы киелі тандем. Жылқы әлемі арқылы суретші қазақтың табиғатпен тығыз байланысын, тіршіліктің жан-жақты тоғысуын ишаралайды.Композициялық құрылым біртұтас — әрбір элемент өз орнында, әрі бірін-бірі толықтырады. «Тіршілік» картинасы – жай ғана бейнелеу емес, өмір мен уақыт туралы ой толғау. Ол көрерменді өз болмысына үңілуге, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен табиғатпен үндестік туралы ойлануға жетелейді. Ұрпақ жалғастығы, табиғатпен үйлесім, тіршіліктің мәні – осы шығарманың көркем және рухани өзегі.

Сөз соңында айтар болсақ ағайынды Жардемовтер әртүрлі көркемдік тілде сөйлегенімен, олардың шығармаларынан қазақ руханиятына деген ортақ құрмет пен мәдени тамырлардан нәр алған көркемдік бірлік анық сезіледі. Екеуі де ұлттық болмысты әрқилы стильмен жеткізеді. Олардың шығармашылығы бүгінгі қазақ кескіндемесінің жан-жақтылығын, дамып жатқан бағыттарының байлығын көрсетеді. Ағайынды Жардемовтер – қазақ бейнелеу өнерінің заманауи кеңістігін жаңа ізденістермен жаңа деңгейге көтеріп жатқан дарынды суретшілер. Олар өнерде өз жолын тауып, ұлттық кескіндеме мектебінің келешегіне тың леп беріп отыр. Көзбен көретін шындықты,  – жүрекпен сезілетін шындық етіп бейнелеуде. Екеуінің де ізденісі – қазақ өнерінің рухани жаңғыруының көркем көрінісі.Олардың шығармашылығы бүгінгі қазақ кескіндемесінің жан-жақтылығын, дамып жатқан бағыттарының байлығын көрсетеді. Ең бастысы Нұрбек пен Нұртай, екеуіде буырқанған темперамент иесі ғана емес, оларда  рухани мінез бар. Шығармашылық тұтастыққа ие ретінде ертең басқа стильде жұмыс жасап жатса таңқалмаймын.

 

Ұқсас жаңалықтар

Хабарландыру

Turanart

АЛМАС СЫРҒАБАЕВТЫҢ «СУРЕТТЕР СЫР ШЕРТЕДІ» АТТЫ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Turanart

Түркіменстанның халық суретшісі Айхан Хаджиевтің 100 жылдық мерей тойынан. Ашхабадтағы күндерден фото және видехроника. 25-26 cәуір.2024 жыл.

Turanart

Пікір жазу