Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде қазақ мәдениеті мен өнертану ғылымы үшін айтулы оқиға – «Тұран метастилі» атты үш томдық альбом-практикумның салтанатты тұсаукесері өтті.
Журналистика факультетінің Ғылыми кеңесінің хаттамасымен бекітілген бұл іргелі еңбек – Еуразияның 30 елінен жиналған 350 үздік суретшінің шығармаларын біріктірген бірегей жоба. Альбом-практикум үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Әр томы 420 беттен тұратын бұл жинақ халықаралық деңгейдегі іргелі еңбек ретінде жоғары бағаланып отыр.
Халықаралық оқу корпорациясының (МОК) Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу-әдістемелік бірлестігі бұл еңбекті ресми түрде оқу-әдістемелік құрал ретінде ұсынды. Басылымда кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, графика, арт-дизайн, интерьер және графикалық дизайн, киім дизайны, сондай-ақ реставрация салалары бойынша көптеген таңдаулы туындылар топтастырылған.
Бұл – Еуразия кеңістігінде осындай ауқымда алғаш рет жарық көріп отырған ерекше ғылыми-көркем еңбек.
Альбомның авторы – белгілі суретші, өнертанушы, журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының профессоры, Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Жанарбек Берістен. Оның өнертанулық еңбектері шетелдік ғылыми ортада да жоғары бағаланып келеді.
Тұсаукесер барысында Жанарбек Берістенге Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған арнайы медаль табысталды. Бұл марапат түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілді.
Бұл маңызды мәдени оқиғаның әрбір сәті менің объективінен тыс қалған жоқ. Мен фотоаппаратымды иығыма асынып, залдағы әсерлі көріністерді әр ракурстан шеберлікпен түсірдім. Профессор-ғалымдар, жас мамандар, ұстаздар мен студенттердің шынайы әсерге толы жүздері тарихта мәңгі қалатындай сәттерге айналды.
Альбом көрермен назарына ұсынылған сәтте оқытушылар оның көлеміне, дизайнына, әр бетінің талғаммен жасалған көркем шешіміне тәнті болды. Әр парағын ашқан сайын жаңа әсер, жаңа жаңалық көрініс тапты.
Кейін автор арнайы дизайн аудиториясына барып, альбомды студенттерге таныстырды. Болашақ дизайнерлер атақты профессордың тікелей өз қолынан дәріс алып жатқанын зор мақтанышпен қабылдады. Студенттер альбомды жарыса қарап, әр бетіне сүйсіне үңілді.
Ал осының барлығын сырттай бақылап, бір сәтін де қалт жібермей суретке түсірдім:
«Осындай ұстаздан білім алып жүрген жастар ертең өзі де биіктен көрінері анық. Бұл – тек бір кітаптың тұсаукесері емес, қазақ өнерінің болашағына ашылған үлкен жол»
«Тұран метастилі» альбом-практикумы – қазақ өнертануының халықаралық деңгейдегі мәртебесін асқақтатқан, өнер зерттеушілері мен шығармашылық өкілдері үшін теңдессіз құнды еңбек. Бұл альбомды көргенде таңғаласың, көрмегенде армандайсың.
Республика көлемінде ресми оқулық ретінде бекітілген бұл басылым – ҚазҰУ ғылымының, қазақ өнерінің және тұтас түркі өркениетінің үлкен жеңісі.
АЛЬБОМҒА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Бүгінде «Тұран метастилі» альбом-практикумына деген сұраныс ерекше. Жақын шет елдермен қатар, алыс мемлекеттерден де арнайы тапсырыстар түсіп, бұл еңбектің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын айқын көрсетіп отыр. Бұл – қазақ өнертануының әлемдік кеңістікке нық қадам басқанын білдіретін үлкен жетістік.
P.S. Ал осы тарихи дүниенің жарыққа шыққан сәтін, тұсаукесер барысындағы әсерлі көріністерді, ұстаздар мен студенттердің шынайы қуанышын мен фототілші Марабей өз объективі арқылы шығармашылық репортаж түрінде жүйелі түрде түсіріп, арнайы фото-жоба ретінде дайындап жатырмын. Бұл кадрлар алдағы уақытта қазақ өнерінің тарихындағы бірегей құжаттық мұраға айналатыны сөзсіз.
Дереккөз: Mara Beey









