TuranART халықаралық ғылыми көркемөнер порталы
ЖаңалықтарӨнер шеберлеріӨнертану

Елін сүйген суретші: Бақытхан Мырзаметовтің рухына тағзым!

Суретте Асылбек Ихсан мен Жанарбек Берістен.
Суретте Асылбек Ихсан мен Жанарбек Берістен.

Жанарбек Берістен.
философия ғыл.кан. профессор,
Әл -Фараби ат.Қаз ҰУ.Журналистика факультеті.
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы

Қай кезде де көз көріп, көңіл сенген ақиқатқа жүгінуден қымбат та қастерлі нәрсе жоқ. Егер суретші өз өміріне және өнеріне шынайы бүкпесіз араласса, өз ерекшеліктеріне сенімді болса, ол халық ісін өмір туралы шындықты айта отырып, халықты алға жетелейтін идеялық рухани туынды жасайды. Сондай талантты суретшілердің бірі, артынан тамаша асыл мұра қалдырған Мырзахметов Бахытханның арамыздан о дүниеге кеткеніне де бір жыл болып қалыпты. Бахытхан Кабижанұлы 1953жылы 27 қаңтарда  Қостанай қаласында туған.  1984 жылы  В.Суриков атындағы Көркемсурет  институтын графика мамандығы бойынша  бітірді.1984-1995 жылдары Алматы қаласындағы  Мемлекеттік театр және көркемсурет институтында доцент атағымен кескіндеме кафедра меңгерушісі болып жұмыс атқарды.1988 жылдан Суретшілер одағының мүшесі.
1995-2000 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының мүшесі болған.2000-2012 жылдар аралығында Абай атындағы ҚҰПУ бейнелеу өнері сызу мамандығы бойынша аға оқытушы болып қызмет атқарады.
Мырзахметов Бахыткан Кабижанұлының шығармашылық жолы 1984  жылдан басталды. Көптеген  республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып, лауреат, дипломант сияқты жетістіктерге жетті.1988 жылы сәуірде Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттік театр көркемсурет институтында, 2000 жылы наурыз айында Ә.Қастеев ат. Мемлекеттік  Бейнелеу өнері мұражайында, 2003 жылдың қаңтарында Астана қаласында Президенттік мәдениет орталығында жеке көрмесін өткізген. Қахақ халқының әр қилы тарихына қатысы, «Кәмпеске», «Желоқсан», «Махамбет», «Жәнібек Тархан» «Хан көтеру», «Жеті жарғы», сияқты шығармалары қазіргі өнеріміздегі шоқтығы биік шығармалар қатарына жатады.
2012 жылы –өткен «Қазақ эпосы» атты республикалық конкурста кескіндеме саласында «Хан көтеру» жұмысы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Мен дизайнда оқығандықтан, Бақытхан маған сабақ берген жоқ. Уақыт өткен сайын кімнің қандай адам болғаны, қандай із қалдырғаны айқындала түседі екен. Адам өмірінде бірге қызмет істеген әріптестер көп кездеседі. Бірақ олардың бәрі бірдей жүректе сақтала бермейді. Бахытхан – менің жадымда өнеріне адал, мінезі берік, сөзіне берік, азаматтық қасиеті жоғары жан ретінде сақталған адам.Студент кезімде тек Азат партиясы мен Желтоқсан партиясының үлкен жиналысында бір кездестім.Ол кезде марқұм Михайл Есеналиев сөз сөйлеп қазақтың болашығын Жасарал Қуанышалин мен Дос Көшімге тапсырған. Бұл кезең еліміздің рухани өмірінде де үлкен өзгерістердің бастауына айналған тарихи уақыт еді. Қазақтың қазақтығын қайта түлетуге баршамыз белсене кіріскен кез еді.

Мырзахметов Б. Махамбет.к,мб.150х140.20023ж
Мырзахметов Б. Махамбет.к,мб.150х140.20023ж

2003 жылдары Астанада ҚР Президенттік Мәдениет орталығында қызмет жасап жүргенде Бакеңмен тағы жолықтым. Жеке көрмесін жасадық. Екеуміз біраз жерге қонақ болдық. Бакеңнің текті әулеттен тарағанын сол кезде білдім.
Менің ойымша, Бахытхан бойындағы суретшілік талант пен азаматтық ұстаным осы рухани жаңғыру кезеңімен де үндесіп жатты. Ұлттық өнерді қадірлеу, халықтың рухани құндылықтарына құрметпен қарау – өнер адамына тән асыл қасиеттердің бірі. Бахытханды еске алғанда, оның кәсіби шеберлігімен қатар осындай азаматтық келбеті де көз алдыма келеді. Алайда мен үшін Бахытханның қадірі тек өнерімен ғана өлшенбейді. Оның бойында сирек кездесетін ер мінез, қайсарлық, турашылдық пен азаматтық қасиет бар еді. Қандай жағдайда да өз пікірін ашық айтып, ұстанымынан таймайтын. Сынды тура айтатын. Сын айтқанды әсіресе суретшілер ұнатпайды. Сын айтам деп өнер академиясынан кеткендердің бірі мүсінші Әділет Жұмабай болатын. Кейін еске алып өздері күліп отырушы еді жарықтықтар. Әділет Бақытханның ең жақын досы болды. Мен альбом шығаруға Мәдениет министрлігінің Үкіметттік бағдарламасына кіргізгем. Жеке деректі фильмді де дайындағанбыз.Үш күн мереке кезіде  аяқ астынан Әдөк қайтыс болып кетті.  Басталған альбомның бар материалын Бақытхан жинақтады. Фото суретке түсіруге суретші Досбол Қасым көмектесті. Ол кезде мен Суретшілер одағының жауапты хатшысы болатынмын. «Қылқалам» мен «Каз Арт Тв» бағдарламасы мен қоса альбомдарды өндіріп шығардым. Қ.Телжанов, И.Исабаев, Б.Табиев, Р Ахметов, Р.Бертілеу, М.Қасымбек, С.Әлжанов, И.Құлбаев, Ө Шанов, Қ.Какимов, Қ.Каметов, Р.Базарбаева, Ә.Жұмабай альбомдарын шығардым. «Баке сенікінде шығарайық»- деп айттым. «Кейін кішкене жинақтап алайын»- деді. Қала шетінен жеке үй салып ұзап кетседе телефонмен жиі хабарласып тұратын. Өмірден қайтар кезде бір күн қалғанда: «баяғыда сенің тіліңді бекер алмаппын, альбомды шығару керек еді, енді осымен айналысайық» -деп маған ішкі сырын ақтарып көп әңгімелесіп еді. Енді міне бір жыл өтті, досы жазушы, драматург Асылбек Ихсан екеуміз еске алып отырмыз. Бірге қызметтес болған жылдардан жүректе қалған бір үзік сырды, азаматтығын қадірлеген әріптеске деген шынайы құрмет пен ізгі естелікті Асекең айтты.
Асылбек Ихсан: «Мен Бахытханмен сексенінші жылдардың басында АГТХИ-да жұмыстас болдым. Кәсіби мықты суретшілігімен қатар ер мінезді, нағыз азамат болатын. Еліміз тәуелсіздікке жетіп, ұлттық болмысымызды іздеп, салт-дәстүрді жандандыруға қызу кіріскен шақ. Азаматтар талай жыл іште булыққан арман-мұратын әр салада іске асыруға бел шешіп, зор энтузиазммен құлшына еңбек ете бастады. Мен өз басым АГТХИда «Кәусар» деген клуб ашып, әдет, ғұрып, салт, дәстүріміздің өзім жақсы білем-ау дейтінін таңдап алып, студенттерімді жинап бастап та кеттім. Қазіргі Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы алдында Наурыз мерекесін атап өттік. Оқу театрында белгілі этнограф, философ ғалымдармен кездесу ұйымдастырдық. Сәбетқазы Ақатай, Сәтімжан Санбаев тағы да басқа ғалымдар, жазушылар Ұлы дала эстетикасынан лекциялар оқи бастады. Бахытханмен қаланың ескі алаңында Арал теңізі мәселесі бойынша перфоманс өткіздік. Бахытхан екі шелектің бетін қаңылтырмен жауып, дәнекерлеп, ортасында ақша салатын ұзынша тесік қалдырып, ол екі шелекті Арал теңізі болып қара киім киген студент қыз инағашқа іліп алып алаңда жүрді. Ол да біздің су тартылған Арал теңізіне көмегіміз болатын. Ал енді, Бахытханның біз – оқытушылар үшін зор ерлігіне тоқталайын. Ұзын саны жиырмадан асатын жас оқытушылар үйсіз едік. Атағы аспан тіреген атақты суретші, актер ағалар ЦКға барады, бірақ біз туралы бір сөз айтпайды, өздерінің, балаларының қажетіне бірдеңе сұрайды. Жас оқытушылар үй-күйсіз тентіреп жүрдік. Суретші педагогтар Мәскеу, Ленинград жоғары сурет мектебін бітірген кіл мықтылар. Содан, бір күні АГТХИдың Никольский базары жанындағы жатақханасының бірінші қабатынан он бес-жиырма бөлме тиіп, кіріп алдық. Кухнясы жоқ, дәретханасы ортақ болса да он бес шаршы метр бөлме біз үшін хан сарайындай еді. Менің үш балам бар. Басқаларда бір, екіден. Бір отбасының балаларындай өте тату едік. Осылайша өмір өтіп жатты. 1986-жылғы желтоқсан көтерілісін де бастан өткердік. Біраз студенттеріміз сотталып кетті. 1989-жылы жатақхана өртенді. Екінші қабаттағы отбасылы студент сабаққа кетерде электр плиткасын тоққа қосып кеткен ғой. Әсіресе педагогтар тұратын жақ тұруға жарамсыз болып қалды. Өрт сөндірушілер шашқан су бөлмелерде шалқып жатты. Электр жарығы сөнді әрине. Аулаға тас қалап, тамағымызды далада пісіріп жүрдік. «Жиырма шақты жас педагог бала-шағасымен далада қалыпты, қиын болды-ау…» деген жан баласы болмады… Осы кезде жатахқанаға Бахытхан келді. Бәріміздің басымызды қосты. Бостан-босқа отырмайық, әрекет қылайық деді. Күнде жиналамыз. Көбіне тығырыққа тірелеміз. (Сонда да, жұмыстан қалмаймыз, сабақ уақытылы өтеді.) Алдымен жатақхананың біз тұрған бөлмелеріне ордер алып берді. Сөйтіп, бір бөлмелі тұрағымыздың заңды иесі болдық. Өрттен кейін, жарық жоқ, тасқараңғы бөлмеге шырақ жағып, далада пісірген тамағымызбен бала-шағаны асырап жүрді. Бұлай созыла беруі мүмкін емес еді. Шыдам шегіне жетті. Бахытханның ақылымен бір күні сабаққа бармаймыз деп шештік. Саботаж жасадық! Ректорымыз Әшірбек Сығай болатын. Кабинетіне шақырды. Топырлап кіріп бардық. Әшекең, ақылды, парасатты адам еді ғой, бізді кіналап бір сөз айтқан жоқ. Компартияның тірі кезі, ЦКдан күнде звондап, инструкторлары келіп, ол кісіні қысып жатқанын естіп жүргенбіз. Ол кісі де шарасыз… Өзі сары адам, қып-қызыл болып отырды да қойды. Бір күні жатақханаға қара Волгамен Серік Абдырахманов келді. Ол кезде горисполкомның төрағасы Заманбек Нұрқаділовтың орынбасары. Бізге «ақыл» айтты. Ақылыңды басыңа шайнап жақ дедік. «Менің үйіме келіп тұрыңдар» деді Абдырахманов. Пернегүл деген батырымыз «Кілтіңді бер, қазір барып тұрамыз…» деп еді Серік Абдырахманов үндей алмады. Жағдай ушықты. Серік «Иә, осылай улап-шулап жүре беріңдер, бір жыл шуласаңдарда одан ештеңе шықпайды, одан да тиісті жерге барып, есігін теуіп кіріңдер…»деді. Тұспалынан Заманбек Нұқаділовты меңзеп тұрғанын түсіндік. Қара Волгасына отырып зу етіп ол кетті… Сол бойда ұбалып-шұбалып қалалық атқару комитетіне бардық. Зәкең, марқұм, жатқан жері жарық болсын, қатты ашуланды. Кабинетіне басып кіргенімізге. Ертеңгі күні тағы бардық. Орынынан атып тұрып, дәлізге ұмтылды. Біз артынан шұбырдық. Ол кісі булығып қып-қызыл боп кеткен, қара Волгасына отырды да кетті де барды. Артынан итше үріп біз қалдық. Содан Бахытхан тактиканы өзгертті. Есімі Алмат па екен, ұзын бойлы жас жігітті ертіп келді де қалалық партия хатшысына барамыз деді.Алмат Бахытханның досы екен, қалалық партия комитетінде ме екен,әйтеуір жақсы жұмыс істейтін жігіт. Ол кезде қалалық партия комитетінің хатшысы Қадыр Қарқабатович Байкенов теген кісі. Әдеттегідей, алдымызға әйел педагогтарды салып кіріп бардық. Әңгімені әрине жоғары ноталардан бастадық.Қадыр Қарқабатович аласа бойлы, кішкене адам екен. Жүзі жылы, зиялы адам болып шықты. Тағы бір мықты азаматты  да айта кетейін.  Қалалық партия комитетінің үшінші хатшысы (есімі Медет пе, Медеу ме екен…)Қадыр Қарқабатовичтің жанына келіп, еңкейіп «Эти ребята цвет казахской наций…» деп бізді көтермелеп, қазақ өнерін көркейтетін осылар болады деген сыңайда керемет сөйлеп тұрды.Әлі есімде, Байкенов креслосымен жылжып бұрышқа тығылғандай болып отырды. Енді, ашулы бір топ адам келіп, жеп қоярдай болып тұрса. Бірақ, еш кейімеді. Қайта, бізге мейірленіп қарап «Қазір бәрі қит етсе компартияны кіналайды ғой…» деп күлімсірей сөйледі. Содан, жаны жаннатта болғыр, Қадыр Қарқабатовичтің бұйрығымен жиырма екі адам үй алдық. Бәлен шенеунік қол қойды. Тек, облыстық профсоюздың төрағасы, фамилясы Крючков па екен, қол қоймады. Оның қолынсыз пәтер жоқ! Енді, тізімдегі 22 адам түгел қазақ, қалай қояды… Содан, проректордың хатшысы, екі баласы бар, байы жоқ орыс әйел бар еді соны тізімге қостық. Крючковтың қолын солай алдық. Осылайша, Ақсай-3Б шағын ауданынан бәріміз пәтер алдық. Жатақханада бір дәліздің бойында горизантально тұрсақ, енді бір подьезде вертикально орналастық. Осы жерде, біржағынан қызық, бір жағынан адам жылардай жайтты айта кетейін. Айтқали деген суретші, екі баласы бар, үш бөлмелі пәтер алған, сол айтады «Балаларым дәлізде тұрады, бөлмелерге аяқ баспайды, жетектеп кіргізсек бақырып жылайды» дейді. Біраз жыл бір бөлмеде тұрған сәбилердің санасы тар шеңберге үйреніп қалған ғой…Тізімге сол жылы АГТХИ бітіріп жатқан екі студентті де қосып жібердік. Олар ойда-жоқта пәтерлі болды. Қазіргі атақты мүсінші Өмірзақ Шанов та төрт бөлмелі пәтерге ие болды. Өмірзақ о баста, қайдағы пәтер, не пәтер түсінбей де қалды, ол жатақханада өмірі тұрмаған, пәтер жалдап жүрген, пәтер алу шайқасына қатыспаған. Сонда деймін, біздің бағымызға Бахытхан Мырзахметов болмағанда бізге Алматыдан пәтер жоқ еді. Біз, сол 1989-жылдың жазында тегін пәтер алушылардың соңы болдық, шамасы. Бахытхан пәтерсіз 22 отбасын «соңғы поезға» өз қолымен отырғызып жіберді. Бахытханмен өмірінің соңғы күндеріне дейін телефонмен хабарласып тұрдым. Ауыратынын айтпады. Алматыдан күн батыс жаққа қарай бір ауылда тұрамын дейтін. Ауласына гүл отырғызып, суретін маған жіберетін. Бірде, жертөле ме бір нәрсе салып, бетоннан баспалдақ құйып суретін жіберді. Беломыртқама бірнеше рет ота жасаттым деген. Мынау ауыр жұмыс қой, беліңді ауыртасың ғой дейтінмін.  Қайтыс болды дегенде бірге туған бауырымнан айырылғандай болдым. Жатқан жерің жарық болсын! Сен, былғарыдан ұзын қара плащ киген, қара қалпақты асқақ та кесек мінезіңмен, өзің кескіндеген Махамбет бабамызға ұқсас батыр күйіңде есімдесің! Ақырып теңдік сұрайтын ер болмысыңмен есімдесің, Досым!»
Бақытханның бүкіл болмысын, Асылбек досының айтқанындай,  артық ешкім айта алмас.

Мен түсірген сурет.Б.Мырзахмет пен жазушы Ә.Асқаров.2012ж.
Мен түсірген сурет.Б.Мырзахмет пен жазушы Ә.Асқаров.2012ж.

Иа, әйгілі суретшілерді даңққа бөлеп, әлемге әйгілеген нәрсе — салған суреттерінің көптігі емес. Алған тақырыбын ұлттық колоритпен ешкімге ұқсатпай, мәңгілік көрместей етіп, бояулар әлемінің адам бойындағы керемет қасиеттерді кестелеудегі ұлылығын таныта алуында. «Ұлы іңкәрлік, беріле сүю ғана өмірдің қозғаушы күші бола алады» деген суретші Ренато Гуттузо. Ендеше Мырзахметов Бахытханның дарыны суретеліп отырған құбылыстың маңызын толығырақ бейімдеумен, жан-жақты көрсетумен анықталады.
Өмірді білу, сол білгенін өнерге айналдыруға деген құштарлық Бақытхан шығармаларында бұрқырап,  эстетикалық қуатын арттырып тұр. Өнердегі әрбір шығармасы өмірдің жаңа бір қырын ашып берген  нағыз шығармалар. Бақытхан қазағым деп тұратын нағыз ер еді.  Ердің топырағы торқа, жатқан жері жайлы болғай. Бакеңнің аруағы қазағым деген суретші ұрпақты әрдайым қолдап, демеп, желеп-жебеп жүрсін!

Әл -Фараби ат.Қаз ҰУ.Журналистика факультеті.Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы. 204 аудитория.
Әл -Фараби ат.Қаз ҰУ.Журналистика факультеті.Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы. 204 аудитория.

Ұқсас жаңалықтар

Творцы кочующих фресок

admin_turan_kz

Сакит Мамедов в Казахстане удостоен медали «TURAN»

Turanart

Серікбол Қондыбайдың еңбектері негізінде түркі мифологиясын зерттеу мəселесіндегі проблемаларды шешудің жолдары

Turanart

Пікір жазу