Жанарбек Берістен
профессор, философия ғыл. канд.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Адам жанының ең терең, ең нәзік иірімдерін бейнелей алатын өнер түрі – сурет. Сурет сала білу – тек қолдың ептілігі немесе көздің көрегендігі ғана емес, бұл – жүректің үнін қағазға, кенепке түсіре білетін ерекше қабілет. Бұл – табиғаттың, жан-жануардың, адам болмысының сұлулығын сезініп, оны өз қиялыңмен қайта жаратудың нәзік өнері.
Суретшінің қылқаламынан туған әрбір туынды – ішкі дүниенің айнасы. Бояу мен сызық арқылы көңіл-күйді, эмоцияны, тіпті өмірлік философияны жеткізу – тек дарынға ғана тән қасиет. Бұл қабілет адамға туа бітеді, алайда оны шыңдау, дамыту – ұзақ жол, үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді.
Сурет салу – көзге көрінбейтін сұлулықты көре білу. Кәдімгі күнделікті өмір көріністерінен эстетикалық мән таба білу – бұл адамның әлеммен үйлесімді қарым-қатынас орнатуының көрінісі. Қылқалам ұстаған суретші табиғатты басқаша көреді: оның көзімен бұлттар өзгеше жылжиды, ағаштар ерекше тербеледі, адамның жүзі өзгеше сөйлейді.
Сурет – үнсіз тіл. Ол сөзбен жеткізе алмайтын ойды, жүрек түбіндегі сағыныш пен махаббатты жеткізе алады. Жақсы сурет көрерменнің ішкі жан-дүниесіне әсер етеді, тебірентеді, кейде жауапсыз қалған сұрақтарға жауап тауып береді. Сурет сала білу – бұл өмірге басқа қырынан қарау. Бұл – көркемдікке құштарлық, сұлулыққа іңкәрлік, ішкі сезімді бейнеге айналдыра білудің шеберлігі. Әрбір сурет – адамның ішкі әлемінің көрінісі, ал суретші – сол әлемнің жалғыз шебері.
Сурет өнері — адамның ішкі жан дүниесінің, қиялы мен эмоциясының көркем көрінісі. Бұл өнер түрі тек көркемдік қабілетті ғана емес, сонымен қатар мидың ерекше жұмыс істеуін де талап етеді. Суретшілердің миында визуалды қабылдау, моторлы қозғалыс, кеңістікті бағдарлау, эмоция және есте сақтау қызметтері ерекше белсенділік танытады. Нейроғалымдар таланттың бір бөлігі генетикалық бейімділікпен байланысты екенін мойындайды. Алайда кез келген дарынды адам тәжірибе арқылы ғана жоғары деңгейге жете алады. Мысалы, көп суретшілерде мидың визуалды аймағын орап тұрған қыртыс — жәй адамдарға қарағанда жақсы дамыған. Сурет салу барысында ми құрылымдары арасындағы байланыстар нығаяды. Бұл нейропластика — мидың құрылымы мен қызметі тәжірибеге байланысты өзгеретіні туралы құбылыс. Жиі сурет салатын адамдарда:
-визуалды-моторлы координация күшейеді;
-шығармашылық ойлау жылдамдығы артады;
-эмоцияны білдіру мен түсіну қабілеті жақсарады.
Яғни, сурет өнері миды дамытып, талантты тереңдете түседі.
Талантты адам, әсіресе өнер мен ғылым саласында жүргендер, өз ойын нақты әрі бейнелі жеткізе білуі қажет. Сурет салу осы қабілетті жетілдіреді. Қиялды еркін дамыту, кеңістіктік ойлау мен логикалық байланысты қалыптастыру – сурет өнерінің маңызды нәтижесі. Бұл қасиеттер кез келген шығармашылық немесе кәсіби жұмыста үлкен пайдасын тигізеді. Қазақ руханиятындағы Ш.Уәлиханов тамаша график болғаны белгілі. Қазақ әдебиетіндегі Әлібек Асқаров, Қазыбек Иса, Маралтай Райымбергенов сияқты ақындардың алғашқы білімдері суретші болған. Суретке деген қызығушылығын композитр Иля Жақановта жоғалтпаған. 77 жасында баклавр мамандығыни алып бұл күнде көптеген сурет салуда. Олжас Сүлейменовтің де суретке деген құмарлығы бар. Бұндай мысалдар көп. Талантты адам тек бір салада шектеліп қалмай, түрлі бағытта өз-өзін сынап, дамуға ұмтылады. Сурет салу – тұлғаның эстетикалық талғамын арттырып, көркемдік әлемге қадам басуға мүмкіндік береді. Өнерге жақын болу арқылы адам өмірдің сұлулығын сезінеді, дүниеге тереңірек көзқараспен қарайды. Сурет сала білу – тек суретші боламын дегендерге ғана емес, әр талантты адамға қажет қабілет. Бұл – шығармашылықтың бастауы, ой мен сезімнің үндестігі, жан дүниенің тазаруы. Сондықтан талантты адам үшін сурет салу – өзін-өзі танудың, ішкі әлемін дамытудың бірегей жолы.
Әрбір адамның бойында бірегей қабілет, шығармашылық дарын бар. Бұл қабілетті дамыту мен дұрыс бағытқа бұру – тұлғаның жан-жақты қалыптасуына жол ашады. Солардың бірі әрі маңыздыларының бірі – сурет сала білу өнері. Сурет салу – жай ғана әдемілікке ұмтылу емес, ол – адамның ішкі жан-дүниесінің көрінісі, ой-санасының көркем тілмен өрнектелуі.Қайта өрлеу дәуірі — адамзат өркениетінің дамуындағы ең жарқын әрі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезең XIV ғасырдың аяғынан бастап XVII ғасырдың басына дейін созылды және Еуропада ғылым, өнер, әдебиет пен мәдениеттің қарқынды дамуына себеп болды. Қайта өрлеу дәуірінің басты ерекшелігі — адам мен оның қабілеттеріне деген сенімнің артуы, гуманизм идеяларының таралуы және антикалық мәдени мұраға қайта оралу болды. Талант жалқы жүрмейді деген сөз бар, дарынды адамдардың бойынан бірнеше ерекшеліктерді табуға болады.
Осы кезеңде «әмбебап суретші» немесе «универсал адам» ұғымы кеңінен танымал болды. Әмбебап суретші — бұл тек қана суретші емес, қақша айтқанда «сегіз қырлы –бір сырлы» суреткер депи айтсақта, ол мүсінші, сәулетші, инженер, ғалым және ойшыл ретінде де танылған тұлға. Қайта өрлеу дәуірінің әмбебап суретшілері тек өнер туындыларымен ғана емес, сонымен қатар ғылымға қосқан үлестерімен де мәңгілікке есте қалды. Олар өнер мен ғылымды үйлестіре білді және жаңа дәуірдің символына айналды. Жалпы адамзаттың зияткерлік және шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетіп, болашақ ұрпаққа шабыт берді. Бүгінде олардың еңбектері әлемдік мәдениеттің алтын қазынасына айналды. Қайта өрлеу дәуірінің әмбебап суретшілері — адамзаттың шығармашылық күш-қуатын айқындайтын тұлғалар. Олардың шығармашылығы мен ғылыми ізденістері қазіргі заманғы өнер мен ғылымның іргетасын қалауға себеп болды. Әмбебаптық — бұл тек білім ғана емес, сонымен бірге жан-жақты ойлау мен әлемге терең көзқарастың нәтижесі. Көпқырлы дарындылық тарихта Леонардо да Винчи сынды ұлы тұлғалармен бастау алған. Да Винчи тек суретші ғана емес, сонымен қатар инженер, анатом және өнертапқыш болған. Оның көпқырлы таланты – әмбебап суретшінің жарқын үлгісі.
Леонардо да Винчи (1452–1519) — сурет өнерімен қатар, инженерия, анатомия, астрономия, ботаника және басқа да ғылым салаларында терең білімге ие болды. Оның ең танымал туындыларының бірі Леонардоның қолжазбаларында көптеген техникалық сызбалар, ұшатын аппараттар мен әскери машиналардың жобалары сақталған.
Микеланджело Буонарроти (1475–1564)— италиялық мүсінші, суретші, сәулетші және ақын. Ол өнерді терең сезіммен, драматизм мен рухани күшпен бейнелей білді.
Рафаэль Санти (1483–1520)— Қайта өрлеу дәуірінің ең нәзік әрі үйлесімді суретшілерінің бірі. Ол кескіндеме мен сәулетте өз ізін қалдырды. Рафаэльдің шығармашылығы үйлесімділік, симметрия және нәзік түстермен ерекшеленеді.
Неміс суретшісі және гравюра шебері Альбрехт Дюрер (1471–1528)— солтүстік Қайта өрлеудің өкілі. Ол математик, теоретик және өнертанушы ретінде де белгілі. Дюрер анатомия, перспектива және пропорция туралы ғылыми еңбектер жазып, өнер мен ғылымның байланысын көрсетті.
Филиппо Брунеллески (1377–1446)сәулетші, инженер, мүсінші. Леон Баттиста Альберти (1404–1472)сәулетші, жазушы, философ, математик. Қайта өрлеу дәуіріндегі әмбебап сәулетшілер — бұл тек сәулет өнерімен ғана шектелмей, ғылым, кескіндеме, мүсін, инженерия, анатомия және философия салаларында да жетістіктерге жеткен, нағыз ренессанстық тұлғалар. Олар адамзат ой-санасының шарықтау кезеңінде өмір сүріп, өнер мен ғылымды біртұтас дүние ретінде қарастырды.
XX ғасырдың өнеріне түбегейлі өзгеріс енгізген Пабло Пикассо (1881–1973) да әмбебап дарын иесі. XX ғасырда Пабло Пикассо өзін кескіндемеде, мүсіндеуде, графика мен керамикада да көрсетіп, әмбебаптықтың символына айналды. Ол кескіндеме, мүсін, керамика, сценография сынды бірнеше салаларда еңбек етті. Ол өнерге жаңаша көзқарас әкеліп, бейнелеудің шекарасын кеңейтті. Испан суретшісі Сальвадор Дали (1904–1989) – сюрреализмнің көрнекті өкілі. Ол тек суретші емес, мүсінші, жазушы, киім дизайнері, режиссер ретінде де танылды. Бұндай мысалдар жетіп артылады.
Әмбебап суретшілер – бұл тек бір ғана жанрмен немесе техникамен шектелмей, бейнелеу өнерінің түрлі салаларында шығармашылықпен айналысатын өнер иелері. Олар кескіндеме, мүсін, графика, сәндік-қолданбалы өнер, дизайн, тіпті медиаөнер мен цифрлық технологияларды шебер қолдана отырып, өнердің шекарасын кеңейтіп, көрерменге жаңаша ой салатын туындылар ұсынады. Қазақ бейнелеу өнері әмбебаптықтан кенде емес. Қазақ бейнелеу өнерінің сан-салалы тармақтарында өзіндік өрнек салып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар аз емес.
Әубәкір Исмайлов (13.05.1913-08.03.199)
Қазақ бейнелеу өнерінің сан саласында өзіндік ерекше із қалдырып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі — Әубәкір Исмайлов Солардың алғашқы тұлғасы Әубәкір Исмайлов Қазақ КСР-інің халық суретшісі, режиссёр және актер, хорегроф және би теоретиктерінің бірі. Қазақстанның халық әртісі. Әубәкір Исмайлов — Қазақ бейнелеу өнерінің жарқын тұлғасы Ол Қазақ КСР-інің халық суретшісі, режиссер, актер, сондай-ақ хорегроф және би теоретигі ретінде қазақ өнерінің түрлі салаларында өзін толық көрсете білді. Әубәкір Ысмайылов Қазақстанның халық әртісі атағына да ие болды.
Әубәкір Исмайлов 1913 жылы қазіргі Қарағанды облысының Тельман ауданына қарасты №6 ауылда дүниеге келді. 1927-1928 жылдары ол Омбыдағы М. Врубель атындағы кәсіптік көркемсурет техникумының қазақ жастарына арналған студиясында оқып, қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы кәсіби суретшілерінің біріне айналды. Әубәкірдің ерік-жігері мен көшбасшылық қабілеті ерекше болды. Ол 20 жасында, 1933 жылы 8 шілде айында Қазақстан суретшілер одағын құрып, оның алғашқы төрағасы болды. Бұл қадам қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлкен серпін берді.1939 жылы Қазақ филармониясында қазақ би ансамбльін құрған. Кейін театрда режисеер әрі қоюушы суретші болған. Әубәкір Ысмайыловтың өнердегі шеберлігі тек пейзаждар мен тақырыптық суреттерге ғана шектелмеді. Оның актерлік шеберлігі, режиссерлік таланты, бишілік өнері мен балетмейстерлік қызметі ел арасында зор қызығушылық пен құрметке ие болды. Қазақ биінің атақты «Қара жорға» композициясын сол заманда сурет жазбасын жасап, арнайы кітапқа түсіргені – оның өнер тарихына қосқан аса маңызды үлесі.
Әубәкір Исмайлов – көпқырлы өнерпаз, ұлт өнерінің көркеюіне өзіндік үлес қосқан тұлға. Оның есімі қазақ өнер тарихында мәңгілік есте қалары анық.
Гүлфайрус Ысмайлова (15.12.1923-12.05.2013)
Гүлфайрус Ысмайлова Алматы қаласында туған. Ол — қазақ кескіндеме өнерінің көрнекті өкілі, театр мен кино саласындағы талантты суретші. Талантымен қатар өзінің ерекше сұлулығымен де ел есінде қалған өнер иесі. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақстанның халық суретшісі. «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері. 1949 жылы Гүлфайрус Алматы көркемсурет училищесін сәтті тәмамдады. Кейін 1956 жылы Ленинградтағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында білімін жетілдірді. Сонымен қатар, 1947-1949 жылдары Қазақ консерваториясының вокальдық факультетінде оқып, өнердің бірнеше саласына ден қойды.1971-1974 жылдар аралығында Қазақтың опера және балет театрында бас суретші қызметін атқарды. Гүлфайрус Ысмайлова көптеген опера, балет, спектакль және кинофильмдерге декорация мен костюм эскиздерін салып, шығармашылық шеберлігінің биік үлгісін көрсетті.
Оның ең танымал киноролдері – «Аласталған Алитет», «Ботакөз», «Тана», «Қыз Жібек», «Уайымдаған жас» фильмдеріндегі басты рөлдер. Бұл фильмдерде оның актерлік дарындылығы да жоғары бағаланды.
Гүлфайрус Ысмайлова – портрет пен натюрморт жанрларындағы көптеген көркем туындылардың авторы.
Досжан Өтеков (1938–2012) — ғалым, ақын, суретші, композитор, спортшы және емші. Досжан Өтеков 1938 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келіп, 2012 жылы өмірден озды. Ол қазақ өнері мен ғылымының бірегей тұлғасы болып, бірнеше салада дарақылығымен ерекшеленді. Досжан Өтеков – ақын, жазушы, суретші, композитор, әнші, күйші және емші. Оның шығармашылығы өте кең ауқымды болды. Поэзиясында «Шұғыла арман» атты екі томдық поэмалар, балладалар мен өлеңдер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар ғылыми-фантастикалық бағыттағы «Мон-тандр құпиясы» және «Құмари хикаясы» атты романдары оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Ғылыми ізденістеріне де ерекше көңіл бөлген Өтековтың көлемді зерттеу еңбектері – «Адам: жан және тән», «Аспан дүниесі және Қисмет заңы», «Жаратушы және әлемнің жаралуы» атты үш томдық «Ақиқат көзі» шығармасы қазақ философиясы мен руханиятының маңызды түйіндерін қамтиды.
Көркем өнер мен музыка Досжан Өтековтің бейнелеу өнеріндегі жетістіктері де үлкен мәнге ие. Оның 500 беттен тұратын екі томдық альбомында кескіндеме мен графикадағы туындылары жинақталған. Ол қазақ классиктері – Абай Құнанбайұлы, Мұхит, Ақан сері, Жаяу Мұса сияқты тұлғалардың әндерін нақышына келтіріп орындаумен де танымал болды. Сондай-ақ 70-ке тарта күй шертетін шебер күйші болатын. Оның «Кемел шақ» атты кітабында нотаға түсірілген өлеңдері мен күйлері жинақталған.
Өнер мен ғылымнан бөлек, Досжан Өтеков спортта да жоғары жетістіктерге жетті. Ол бокс спорты бойынша республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған спорт шебері. Сонымен қатар күрестің бірнеше түрін (самбо, дзюдо, каратэ, қазақша күрес) меңгерген. Самбодан бірінші разряд нормаcын орындаған. Жеңіл атлетикада да озат болды – 1000 метрлік жүгіру жарысында қала чемпионы атанған.
Досжан Өтеков емшілік өнерімен де айналысып, бұл саланың да білгірі болды. Оның емшілік тәжірибесі көптеген адамдарға көмек көрсетіп, үлкен сенімге ие болды.
Өмірінің әр саласында үлкен еңбек сіңірген Досжан Өтековтың шығармашылығы мен еңбектері бүгінгі күнге дейін кеңінен танылмағаны өкінішті. Ол қазақ мәдениеті мен ғылымының жарқын беттерінің бірі болып қала бермек. Оның есімі мен мұрасы жастарға үлгі боларлық мол байлық.
Қайырбай Закиров (1945–2024) — график, кескіндемші, ақын және әнші.
Қайырбай Закиров 1945 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнердің бірнеше саласында елеулі жетістіктерге жеткен көпқырлы тұлға.
Қайырбай Закиров графика және кескіндеме өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылған. Оның шығармашылығында ұлттық нақыш пен заманауи бейнелеу әдістері үйлесімді араласқан. Сонымен қатар, ол ақын әрі әнші ретінде де көпшілікке жақсы таныс.
Өлеңдері жинақталған «Шалқасынан туған ай» атты кітап оның поэзия саласындағы дарындылығын айқындайды. Қайырбай Закировтың шығармалары рухани тереңдігімен, табиғат пен адам өмірінің сырлы көріністерін бейнелеуімен ерекшеленеді.
Өмір бойы қазақ мәдениеті мен өнерін дамытуға күш жұмсаған Қайырбай Закиров – Қазақстанның көрнекті өнер қайраткері әрі халық жүрегінде ерекше орын алған талант.
Дәркембай Шоқпаров (23.05.1946-20.05.2006) – қазақтың ұлттық қолөнерін жаңғыртып, оны заманауи үлгіде дамытқан белгілі шебер, этнодизайнер. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келген.
Ол — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998). Ұлттық қолөнердің шынайы жанашыры ретінде Дәркембай Шоқпаров ағаштан, сүйектен, теріден, киізден, тастан және түрлі табиғи материалдардан сәндік-қолданбалы бұйымдар жасап, олардың көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтерді.Шебер тек бұйымдар жасаумен ғана шектелмей, халқымыздың дәстүрлі өнерін ғылыми-танымдық тұрғыдан да зерттеген. Ол «Өрім өру» (1994), «Домбыра жасау» (1996), «Бесікке бөлеу – бабалар дәстүрі» (2001) сияқты маңызды еңбектер жазып, ұрпаққа мол мұра қалдырды. Сонымен қатар, оның өлеңдер жинағы да жарық көрген.
Дәркембай Шоқпаров – қазақ қолөнерін ғылыми негізде жүйелеп, оны болашаққа аманаттай білді. Оның шығармашылығы мен еңбегі – ұлттық болмысымыздың айғағы.
Қалиолла Ахметжанов – қазақ руханиятындағы ерек өнер иесі.Қалиолла Ахметжанов – Қазақстанда кеңінен танымал суретші, этнограф және тарихшы. Ол 1949 жылы 6 сәуірде Ақмола облысы Алексеевка ауданына қарасты Өрнек ауылында дүниеге келген. Жастайынан сурет өнеріне әуес болған Қалиолла ағамыз Ресейдегі И.Е. Репин атындағы көркемсурет институтының кескіндеме факультетін бітіріп, кәсіби суретші атанды.
Ол тек суретпен ғана шектелмей, қазақ халқының әскери тарихы, батырлар қаруы, дәстүрлі мәдениеті туралы терең зерттеулер жүргізді. 2003 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап, қазақ жауынгерлерінің жасақтары туралы маңызды ғылыми жұмыс жазды.
1984 жылы Қалиолла КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, 1986 жылдары Қазақстан Суретшілер Одағының Хатшылығына мүшесі ретінде сайланды. Қазақ қаруындағы жалпылама жұмыстардың жоқтығын білу үшін Калиолла 100-ге жуық ғылыми және танымал ғылыми мақалаларды, сондай-ақ қазақтардың жауынгерлік дәстүрлері мен әскери өнерінің екі монографиясын жариялады. 1992 жылы ол үздік мақалалар үшін «Ан тілі» газетінің лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының Баспасөз қызметі 1996 жылы өткізген «Үздік баспа үйі, үздік кітап, үздік басылым» байқауының қорытындысы бойынша «Жараған темір кигендер» монографиясы «Өнер туралы кітаптар» номинациясы бойынша Ең үздіктің бірі деп танылды. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Кескіндемеде Қалиолла Ахметжанов ерекше стильде — пуантилизм тәсілімен жұмыс істейді. Бұл әдіс арқылы ол көркемдік әлемге өзіндік жаңаша көзқараспен келіп, ұлттық бейнелерді заманауи үлгіде көрсете білді.
Қалиолла түрлі жанрларда жұмыс істейді: портрет, пейзаж, натюрморт, тарихи, мифологиялық, шайқас, анималистік жанрда. Сонымен қатар кітап графикасында, кәдесый дизайнында, интерьер дизайнында әсіресе музей экспозициясын арнап жасаған белгілі философиялық идеяларды көрсететін тұжырымдамалық жұмыстарды жасаған. Мультфилм саласында көптеген образдар жасаған суретші осының бәрін заманауй технологияда, 3Д компьтер бағдарламасында жасайды. Оның тарих ғылымындағы жетістігі, бейнелеу өнеріндегі идеялық эстетикалық тұғырнамасы, қазақ халқының руханятына ерекше үлес.
Бақтыбек Талқанбаев 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Ленгір қаласында дүниеге келді. Ол 1968 жылы сол кезде Гоголь атындағы (қазір О.Таңсықбаев атымен аталатын) Алматы көркемсурет училищесін 1974 жылы, Мәскеудегі архитектура институтын 1981 жылы, КСРО Суретшілер Одағы жанындағы Розенблюмнің орталық оқу-тәжірибелік дизайн студиясы бітірді. 1978 жылы «Көркемдік еркін ойлау арқылы рухани тұлғаны қалыптастыру» авторлық әдістемесін жасады. Бақтыбек Талқанбаев ЮНЕСКО халықаралық стандарттары бойынша ғылым және өнер докторы, ҚР Мәдениет қайраткері, бейнелеу өнерін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін әлемдегі 34-ші LEONARDO DA VINCI медалінің иегері, Арт-терапия профессоры, энерго-терапевт, емші, ҚР суретшілер одағының мүшесі, ақын. Сәулетші-дизайнер ретінде де Шымкенттің талай ғимаратының іші мен сыртында Бақтыбек Талқанбаевтың қолтаңбасы қалғаны мәлім. Оның суретті бейнелеу әдісі «Шимай» деп аталады. Бұл мәліметтер білім беру жүйесінде дарынды балалармен жұмыс істеуде, арт-терапияда немесе инсульттан кейінгі қалпына келтіру бағдарламаларында тиімді қолданылады. Сурет өнері тек эстетикалық құрал емес, сонымен қатар когнитивтік және нейропсихологиялық қалпына келтіру әдісі бола алады. «Шимай» әдісін меңгеру арқылы адамдар өз бойларында тұйықталып қалған қуат көздері мен арналарын тазартып жеңілденеді. Түрлі-түсті бояулармен реңделген абстрактылы өрнектерінің құпия астарларынан адамның жан дүниесінің даму деңгейін байқауға болады. Суретте әр адамның өзіне тән қолтаңбасы мен шығармашылығы бейнеленеді. Ондағы бейнелер адам жанының түрлі қырларынан сыр шертіп, ішкі жан сарайындағы тебіреністері абстрактылы суреттерге айналады.
Тоқтар Бейсембинов 1949 жылы 18 маусымда Талды — Қорған облысы, Киров ауданында дүниеге келген. Ол — кәсіби суретші және терең діни-философиялық ойшыл, теолог.
Суретшілік өнерден бөлек, Тоқтар Бейсембинов «Ақиқат» атты кітаптың авторы ретінде танымал. Ол өз шығармасында рухани ізденістер мен философиялық ілімдерді қазақ дүниетанымы тұрғысынан терең талдайды.
Көпшілік арасында ол «Тоқтар Абыз» деген атпен белгілі, себебі тәңірлік ілім концепциясын насихаттауда ерекше үлес қосуда. Бұл концепция қазақ халқының ежелгі рухани дүниетанымын жаңғыртып, тәңірлік сенімнің философиялық негіздерін жүйелі түрде баяндаған.
Тоқтар Бейсембинов — ұлттың ой санасын жаңғыртуда көп еңбнек сіңіруде.
Қырым Қасенханұлы Алтынбеков (20 сәуір 1952 жылы, №3 ауыл, Қарағанды облысы) — қазақстандық суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы және жетекшісі. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері, Венгрия Рыцарьлық крест орденінің иегері, Башқұртстан Республикасының Салауат Юлаев орденінің иегері және Абай медалінің (2020 ж., Қазақстан) иегері. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты. 150-ге жуық ғылыми жарияланымдардың, оның ішінде көне артефактілерді қалпына келтіру мен қайта құру бойынша үш монографияның авторы. Археологиялық экспедициялардың қатысушысы, зерттеуші. Археологиялық артефактілерді тұтастай блок түрінде алу әдісін жасап шығарған, бұл әдіс заттарды қауіпсіз түрде тасымалдауға, барынша ақпаратты сақтап қалуға және зертханалық жағдайда жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Ол бірнеше консервация және реставрация әдістерін жасап, патенттеген.Оның зертханасында Қазақстанның бірнеше мың археологиялық жәдігері қайта қалпына келтіріліп, жаңа өмірге ие болды. Көшпелі дәуірдің «Алтын адам», Берел аттары, Сармат көсемі, Сармат абызы («Алтын ханшайым»), Үржар абызы, Қимақ аты секілді көптеген тарихи тұлғалар мен олардың атрибуттарының реконструкцияларын жасаған.Зерттеу нәтижелерін Қазақстан, Ресей, Аустрия, Бельгия, Венгрия, Корея, Қытай, АҚШ, Түркия және басқа да елдерде өткен ондаған конференцияда ұсынған. Оның жеке көрмелері әлемнің көптеген қалаларында өткізіліп келеді.
Жолаушы Тұрдығұлов — қазақ халқының дәстүрлі музыкалық мұрасын қайта жаңғыртып, оны қолданбалы өнермен ұштастыра білген сирек дарын иесі. Ол 1950 жылы 15 шілдеде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданына қарасты Алексеевка ауылында дүниеге келген. Жолаушы Тұрдығұлов — Қазақстанның көрнекті қолданбалы суретшілерінің бірі, сондай-ақ күй өнерін жетік меңгерген шебер күйші.Ұстаздық қыры бір төбе. Қазақстан музыка аспаптарын жасаушылардың тұтас буынын тәрбиелеген атақты ұстаз. Ол тек аспаптарды жасау шебері ғана емес, сонымен қатар олардың тарихи формаларын зерттеп, заманауи әдістермен үндестіре отырып жаңғыртушы маман ретінде танылады.Оның жасаған аспаптарының арасында домбыра, қобыз, сазсырнай, жетіген сияқты ұлттық аспаптар ғана емес, сирек кездесетін көне музыкалық құрылғылардың да үлгілері бар. Бұл аспаптар тек акустикалық тұрғыдан емес, эстетикалық жағынан да аса жоғары бағаланады. Жолаушы Тұрдығұлов әр аспаптың сыртқы келбеті мен дыбыстық сапасына үлкен мән береді. Жолаушы Тұрдығұлов – қолданбалы өнер саласындағы ғылыми және әдістемелік басылымдардың авторы. Ол өзінің зерттеулерінде халық аспаптарының құрылымы, материал таңдауы, акустикалық ерекшеліктері мен мәдениеттегі орны туралы терең талдаулар жасайды. Бұл еңбектері өнертанушылар мен шеберлер үшін құнды әдістемелік құралға айналған. Жолаушы Тұрдығұлов — ұлт руханиятына адал, халық мұрасына жан-тәнімен берілген дарын иесі. Оның қолынан шыққан әрбір туынды – қазақтың дәстүрлі өнерінің жаңа тынысы, мәдени мұраға қосылған қомақты үлес.
Еркін Көкеев мүсінші, ақын, мәдениеттанушы. 1952 жылы 14 наурызда Семей облысында туған. Қазақ тарихын, мифологиясын, фольклорын терең білеп саралайтын біліміді суретші. «Ер тегі көк аспан» атты қазақ тарихының генезисін саралаған кітап жазған. Кітапта мифтік кейіпкерлердің символикалық мәні терең ашылған. Қазақ халқының терең тамырлы тарихын, бай мифологиясы мен ауыз әдебиетін бейнелеу өнері арқылы жеткізе білген санаулы суретшілердің бірі – «Ер тегі көк аспан» атты еңбектің авторы, руханият шежірешісі. Оның шығармашылығы тек көркем бейнелеумен шектелмейді, ол қазақтың ұлы болмысы мен тарихи жадын танымдық, философиялық тұрғыда саралаған тұлға ретінде де ерекшеленеді. Суретшінің ерекшелігі – ол мифке тек ертегі ретінде қарамайды. Ол оны ұлттың сана-сезімі мен дүниетанымының іргетасы ретінде қабылдайды. Оның еңбектерінде Қорқыт, Күлтегін, Шыңғыс хан бейнелері тарихи образ ретінде ғана емес, философиялық, рухани символдар ретінде көрінеді. Суретші – тек өткенді аңсаушы емес, ол – бүгінгі ұрпаққа тарихи сана мен ұлттық болмысты жеткізуші. Ол арқылы біз өзімізді танимыз. Оның шығармашылығы жас суретшілер мен зерттеушілерге үлкен бағдар береді. Ұлттық өнер мен тарихтың тоғысында тұрған бұл тұлға – нағыз халықтық мәдениеттің қайнарынан нәр алған суреткер. Бұл кісі мен әңгімелесудің өзі бір арман.
Еркін Нұразхан (17.01.1953 жыл, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында ) – суретші және журналист. ҚР Журналистер одағының және ҚР Суретшілер одағының мүшесі. «Ұлт және руханият» (2003) мақалалар жинағының авторы. Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасуы мен дамуына өзіндік колтаңбасын қосқан белгілі суретші. Еркін Нұразхан шығармашылығы — қоғам мен адам мінезін астарлы әзіл, өткір тіл, терең ой арқылы бейнелеудің жарқын үлгісі. Оның карикатуралары мен шарждары тек күлкі тудыру үшін емес, ойландыру, қоғамдағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерді көркем түрде сынға алу мақсатында жасалады. Сонымен бірге ол шарж жанрын жеке бір өнер саласы ретінде көтеріп, оны достық әзілдің мәдени формасына айналдыра білді. Оның шығармашылық табиғаты әсіресе карикатура мен шарж жанрында жарқырап ашылды. Бұл жанрлардың шебері болу үшін суретшілік шеберлікпен қатар, қоғамға деген сергек көзқарас, терең білім, жоғары эстетикалық талғам қажет. Еркін Нұразхан осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген тума талант иесі. Оның карикатура мен шарж жанрларына қосқан үлесі — ұлт мәдениетінің бай қазынасының бір бөлшегі. Ол өз еңбектері арқылы тек өнер сүйер қауымның емес, күллі қазақ жұртының ықыласына бөленді. Еркін Нұразхан есімі — қазақ карикатурасының айшықты тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз.
Алтынбек Құмаров1954жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарғыбатай ауданы Тұғылы елді мекенінде туған. Қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау, жаңғырту және келер ұрпаққа аманаттау ісінде ерекше еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі — Алтынбек Құмаров. Ол тек кәсіби реставратор ғана емес, сонымен қатар табиғи талантымен, қолөнерге деген сүйіспеншілігімен ерекшеленетін шебер. Оның қолынан шыққан әрбір туынды — рухани жәдігердің жаңа өмірі, бабалар аманатын бүгінге жалғаған алтын көпір. Қоссаз аспабының авторы. Алтынбек Құмаровтың реставрация саласындағы шеберлігі кездейсоқ қалыптасқан қабілет емес, ұзақ жылдық тәжірибе мен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Ол көне жәдігерлердің табиғи қалпын сақтай отырып, сол бұйымның тарихи, рухани мәнін жоғалтпауға үлкен мән береді. Бұл — тек техника емес, шынайы өнер. Реставрация саласындағы еңбегі мен ұлттық өнерге қосқан үлесі — ұлт руханиятының маңызды бөлшегі. Сондықтан да оны тек реставратор деп шектеу жеткіліксіз — ол қазақ мәдениетінің шынайы жанашыры, дарынды қолөнер шебері, әрі кескіндемеші.
Тайжан Сұлтан-Мұрадұлы Досанов – дизайнер әрі рунатанушы. (1952 жылы туған, Түрікменстан, Бекдаш ауылы туған.) Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінің мүсін бөлімінде (1975) оқыған. 1978 жылы шебер өзінің шығармашылық бағытын алғаш рет ұзатылар қызға арналған ұлттық киім үлгілерін әзірлеу арқылы нақты айқындады. Автор бұл еңбегінде этнодизайн бағытында жұмыс істей отырып, халықтық сәндік-қолданбалы өнердің көмескілене бастаған классикалық элементтерін жаңғыртты және оларды қазіргі заманғы көркемдік тәсілдермен үйлестіріп, дәстүрлі технологияларға жаңа тыныс берді.1982 жылы ол Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласына қоныс аударып, мұндағы көркемөнер кеңістігіне белсенді араласа бастады. 1984 жылдан бастап облыстық, республикалық және бүкілодақтық деңгейдегі көрмелерге ұлттық киім үлгілерімен тұрақты қатысып, отандық сән өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Оның еңбектері 1987 жылы КСРО Суретшілер одағының дипломымен марапатталды. Бұл кәсіби танылу оның ұлттық киім дизайны саласындағы жоғары деңгейдегі шеберлігін айғақтайды.1989 жылы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық көрме-жәрмеңкеде автор өзі даярлаған ұлттық киім үлгілерімен Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырды. Бұл көрме оның шығармашылығына еуропалық өнерсүйер қауымның назарын аудартып, ұлттық костюмдердің көркемдік және мәдени маңызын көрсетуге мүмкіндік берді.1992 жылы арнайы шақыртумен Алматы қаласына қоныс аударып, шығармашылық қызметін осы жерде жалғастырды. Оның туындылары сән өнері мен этномәдени мұраны сабақтастыра отырып, қазіргі ұлттық өнер кеңістігінде өзіндік ізденіс ретінде бағаланады. Суретшінің атағын руна жазудың құпияларын зерттеулерімен атағы шықты. Ол – қазақ даласындағы руникалық жазулардың құпиясын терең зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Ғылымдағы атағын 2009 жылы жарық көрген «Тайна руники» атты еңбегімен шығарды. Бұл кітап – түркі руникасының сырын ашуға бағытталған терең зерттеу. Алайда, бұл құнды еңбек әлі күнге дейін кең көлемде насихатталып, тиісті бағасын алған жоқ.Тайжан Досановтың еңбегі — ұлы жаңалықтардың бірі ретінде бағалануы тиіс. Ол қазақ тарихының терең тамырларын тануға, ұлттың мәдени мұрасын қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосып отыр. Руналық жазулар арқылы ежелгі бабаларымыздың дүниетанымы, рухани болмысы мен мәдени деңгейі айқын көрінеді. Т.Досанов осы жазулардың құпиясын ашып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде үлкен ғылыми еңбек атқарды.Егер бұл еңбек тиісті деңгейде зерттеліп, насихатталса, ол тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін тарихи маңызы зор жаңалық болар еді. Тайжан Досановтың «Тайна руники» атты еңбегі — ұлттық сананы жаңғыртатын, тарихи жадымызды тереңдететін маңызды еңбектердің бірі.
Мұхамеджан Әлімбай (02.08.1951-31.08.2008) — ұлттық өнердің зерделі жанашыры. Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.
Мұхамеджан Әлімбай — қазақ бейнелеу өнері мен қолданбалы өнерінің дамуына зор үлес қосқан суретші, дизайнер, өнертанушы. Мұқаңның шығармашылық жолы мен тұлғалық болмысы қазақтың төл өнеріне деген терең сүйіспеншілігімен, оны насихаттау жолындағы ерен еңбегімен ерекшеленеді.
Ол тек кәсіби суретші ретінде ғана емес, халық мұрасын түгендеуші, ұлттық болмысты жаңғыртушы ретінде де танымал.. Мұхамеджан Әлімбай – ұлттық мәдениеттің шын мәніндегі сақтаушысы әрі дамытушысы.
Мұқаңның тағы бір ерекше қыры — оның суырыпсалма шешендігі мен өнерге деген ерекше ықыласы. Ол домбырамен қазақтың халық әндерін әуелете шырқап, Сыр бойы жырауларының термелерін орындағанда тыңдаушысын еріксіз елітетін. Оның сөз саптауы, ой айту мәнері, тіпті ән салып, жыр тербетудегі шеберлігі — біртуар дарын иесінің көрінісі.
Мұхамеджан Әлімбайдың айтуынша, ол Алматы мен Мәскеу қалаларында бірнеше рет қазақтың кілем өнеріне арналған көрмелер ұйымдастырып, көрерменге ұлттық дүниетанымның биік үлгілерін ұсынған. Ол көрмелерде қазақы кілемдерді парсы, иран, ауған кілемдерімен салыстыра отырып, олардың өзіндік ерекшеліктері мен көркемдік құндылықтарын жан-жақты талдаған. Осы еңбектерінің нәтижесінде қазақ кілем өнерінің даралығын дәлелдеп, оны әлемдік деңгейде танытуға атсалысты.
Ұлттық мұраны жинақтауға деген ынтасы мен ұлт руханиятына деген сүйіспеншілігінің арқасында Мұқаң қолөнер бұйымдарын жинаумен де айналысқан. Ол шамамен бір мыңға жуық жез құман жинап, сол арқылы қазақ тұрмысының эстетикасын, тұрмыстық мәдениетінің ерекшелігін дәлелдеген. Жиналған құмандардың біраз бөлігі бүгінде Астана мен Алматы қалаларындағы музейлерде сақтаулы.
Мұхамеджан Әлімбай — қазақ халқының бай мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төккен зиялы тұлға. Оның өнері мен еңбегі — бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге, рухани құндылық.
Раушан Базарбаева Жамбыл облысы Қордай ауданында 1958 жылы 3наурызда туған. Суретші, сәндік өнер шебері, ЖАК профессоры, педагог, ҚР мәдениет қайраткері. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты. Раушан Базарбаева – ұлттық бейнелеу өнерінде, қолданбалы өнерде өзіндік ізденістерімін танымал суретші әрі білікті ұстаз. Еңбексүйгіштігі мен дарындылығының арқасында ол өнер мен білім саласында биік белестерді бағындырды. Раушан Базарбаева – гобелен, батик, ши тоқу, киіз басу, графика және кескіндеме секілді бейнелеу мен қолданбалы өнердің сан-салалы бағыттарында еркін жұмыс істейтін шебер. Оның туындыларына ұлттық болмыс, табиғат сұлулығы, рухани мұра тақырыптарын арқау еткен. Әрбір жұмысы терең мағыналы, композициялық шешімі мен колористикалық үйлесімі арқылы ерекшеленеді. Ол ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында дәріс беріп, Жоғары Оқу Орындарының үздік оқытушысы атанған. Оның сабағы – жай ғана дәріс емес, шеберлік сабағына айналатын үлгілі тәжірибе. Қазақ қыздарының ішіндегі ақылына көркі сай зор талант иесі Раушан Базарбаева –шеберлігі мен терең ғылыми танымын өз бойына үйлестіре білген тұлға. Жеке альбомы мемлекеттік бағдарламамен шыққан. Ол – тек көркем туынды жасаушы дарынды суретші ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнер мен тәрбие беруде ұлағатты ұстаз, заманауи өнер педагогикасының жарқын өкілі.
Сабит Құрманбек — қылқалам мен камера тілі арқылы сөйлеген шебер суреткер.
Сабит Құрманбек — Қазақстандағы кино және бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, режиссер, қоюшы суретші әрі сатиралық графика жанрындағы дара шебер. Ол 1960 жылы 1 қыркүйекте Талдықорған облысы, Қарабұлақ ауданы, Шұбар ауылында дүниеге келген.
Ол Мәскеудегі аты аңызға айналған Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография институтының (ВГИК) көркемөнер факультетін 1990 жылы тәмамдаған. Ол — кино мен бейнелеу өнерін үйлестіре білген, көрермен санасына терең ой салатын образдарды сахна мен экранға әкелген шығармашылық иесі.
Сабит Құрманбек «Полторы штуки» (1987), «Соңғы аялдама» (1989), «Сұржекей – Өлім періштесі» (1991), «Кардиограмма» (1995), «Ақсуат» (1998), «Три брата» (2000) сынды қазақ киносының алтын қорына енген бірнеше көркем фильмнің қоюшы суретшісі ретінде танымал. Бұл фильмдерде ол тек техникалық шеберлікті ғана емес, образдық тереңдік пен эстетикалық үйлесімділікке ерекше назар аударған.
1999 жылы Марат Мусинмен бірлесіп түсірген «Соңғы көш» атты деректі фильмі режиссерлік қабілетінің кеңдігін танытты. Бұл туынды тарихи-мәдени тақырыпты көтеріп, қазақ халқының көші-қон тарихына, рухани құндылықтарына терең бойлаған маңызды фильмдердің бірі саналады.
2000 жылы жарық көрген «Рисуя, играя, снимая…» атты кітабы — оның көркемдік көзқарасы мен шығармашылық философиясын айқын көрсететін еңбегі. Бұл туындысында ол кино мен сурет өнерінің өзара байланысын, образ тудыру процесінің ішкі логикасын ашып көрсетеді.
Сабит Құрманбек қазіргі таңда саяси сатира жанрындағы жалғыз суретші. Оның қоғамдағы келеңсіздіктерге, әлеуметтік теңсіздікке, шенеуніктік шалағайлыққа және күнделікті өмірдің ащы шындығына арналған карикатуралары өткірлігімен, дәлдігімен және ой салатын астарлы мағынасымен ерекшеленеді. Ол әрбір штрихпен қоғамдағы дертті дөп басып, күлкі мен ойдың арасынан өмір шындығын көрсетеді. Оның туындылары — бұл тек әзіл емес, бұл — айна, бұл — сатиралық публицистика.
1992 жылдан бері Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі болып табылатын Сабит Құрманбек — өнер арқылы қоғамға ой тастап жүрген азаматтық ұстанымы биік тұлға. Оның еңбегі тек көркемдік деңгейімен ғана емес, әлеуметтік маңыздылығымен де құнды. Бүгінде ол — қазақ киносы мен бейнелеу өнерінің шебері, көркемсурет пен сатираны бір арнада тоғыстырған сирек дарын иесі. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Ерлан Қожабаев — Қазақстанның бейнелеу және қолданбалы өнер саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан танымал суретші, дизайнер, график, өнертанушы. Ол 1960 жылы бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген.
Ерлан Қожабаев — Қазақстан Суретшілер одағының және Дизайнерлер одағының мүшесі. Оның шығармашылығының басты бағыты — ұлттық мәдени мұраны қазіргі заман талабына сай жаңғырту, дәстүрлі ою-өрнек пен бейнелеу тәсілдерін заманауи стильмен ұштастыру.
Ол кескіндеме, графика, дизайн салаларында көптеген көркем туындылар жасап, көрмелерге қатысып келеді. Ерекше атап өтерлік еңбектерінің бірі — қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнері туралы жарық көрген альбомы. Бұл альбом — тек көркем шығарма ғана емес, ғылыми негізделген, өнертану тұрғысынан құнды еңбек. Онда қазақ ою-өрнектерінің тарихы жинақтап дизайнерлік шеберлікпен альбом етіп жасаған. Альбом ұлттық өнер мұрасының бірегей энциклопедиялық жинағына айналып, суретшілерге, дизайнерлерге, өнер зерттеушілеріне таптырмас құрал болды.
Ол — қазақ өнерінің өткені мен бүгінін байланыстырып, болашағына жол ашып келе жатқан дарынды суреткер.
Ералы Оспанов — қазақ графикасы мен этнографиялық өнер саласындағы танымал суретші, этнограф әрі өнертанушы. Ол 1960 жылы 22 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ералы Оспановтың шығармашылығы – ұлттық рух пен дәстүрдің, тарихи таным мен заманауи көзқарастың тоғысы.
Ералы Оспанов – қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмысын, мифологиясы мен дүниетанымын көркем тілмен сөйлете білген график-суретшілердің бірі. Оның жұмыстары тек әсемдік қана емес, терең мазмұн мен танымдық мәнге де ие. Әсіресе, қазақтың бай этнографиялық мұрасын бейнелеу мен танымал ету жолындағы еңбегі ерекше бағаланады.
Оспанов көптеген этнографиялық, тарихи-мәдени еңбектерді көркем безендіріп, ұлттық стильде көркем полиграфияның жаңа белесіне көтерді. Оның суреттері мен иллюстрациялары оқырманды ежелгі дәуірлер мен дала өркениетінің сырлы әлеміне жетелейді.
Ералы Оспанов қазақтың ою-өрнек өнерін зерттеп, оны жүйелі түрде құжаттауға да зор үлес қосты. Ол қазақ ою-өрнектеріне арналған үш бірдей көлемді кітап дайындап, жарыққа шығарды. Бұл еңбектер — тек өнер иесі ретінде ғана емес, ғалым, зерттеуші ретінде де оның беделін айқындайтын маңызды жұмыстар. Оның еңбектері — қазақтың көркем мәдениетінің, әсіресе қолданбалы және графикалық өнерінің қазынасына қосылған үлес.
Кабдрахман Отарбай 1961 жылдың 17 маусымында Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген. 1988—1994 жылдары Мәскеудің атақты Бүкілодақтық Мемлекеттік Кино институтының (ВГИК) көркемдік факультетін тәмамдаған. Сол жылдары кәсіби суретшілік қабілетін шыңдап, анимация, иллюстрация, кітап безендіру бағыттарында еңбек етті. Шарж, карикатура, кескіндеме салаларында да өзіндік қолтаңбасы бар көркем туындылар жасаған. Оның туындылары өткір сатирасы мен қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы түрде жеткізе білуімен ерекшеленеді.
Кабдрахман Отарбай — сатира жанрында қалам тербеген жазушы. Оның әдеби шығармаларында күнделікті өмірдегі күлкілі әрі ойландырарлық жайттар суреттеліп, қоғамдағы түрлі қайшылықтар сатира тілімен шебер бейнеленген. Әдебиеттегі сатиралық еңбектері «Итжығыс» деген атпен жеке кітап болып жарық көрген. Жазған сатиралары баспсөзде талай жарияланып, көпшілік оқырман тарапынан жылы қабылданып, қазіргі қазақ сатирасының көрнекті үлгілерінің бірі ретінде бағаланды.
Ол өзінің шығармашылығы арқылы қазақ бейнелеу өнері мен сатиралық әдебиетіне елеулі үлес қосқан тұлға. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Төлеген Сәрсенбаев (Төрлееген Бәріұста) — дәстүр мен жаңғыртудың шебері. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.Төлеген Сәрсенбаев, шығармашылық ортада Төреген Бәріұста есімімен танымал, 1962 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Ерте жастан ұлттық өнерге қызығушылық танытып, қазақтың дәстүрлі қолөнері, музыкасы мен мүсін өнерін зерттеуге бет бұрған. Оның шығармашылық жолы – қазақтың бай рухани-мәдени мұрасын сақтап, оны жаңғыртуға арналған.
Т. Сәрсенбаевтың өнердегі ең үлкен жаңалығы – қазақ қобызының көне үлгілерін қайта қалпына келтіру және оларды ғылыми-зерттеу негізінде жаңғыртуы. Ол ұлттық аспапты терең зерттеп, қобыздың құрылымдық ерекшеліктерін, дыбыс беру табиғатын, қолданылу мүмкіндіктерін жүйелі түрде зерделеді. Осы зерттеулер нәтижесінде жаңғыртылған қобыз үлгісін жасап, авторлық патент алды. Бұл оның тек шебер ұста емес, сонымен бірге этномузыкалық зерттеуші екенін көрсетеді.
Т. Сәрсенбаев – көпқырлы өнер иесі. Ол металл, ағаш, тас, тері сияқты материалдарды шебер меңгеріп, дәстүрлі ұстаның қолтаңбасын заманауи өнермен үйлестіре білді. Оның мүсіндік және кескіндемелік туындылары ұлттық тарих, мифология, символика тақырыптарына арналады. Жасаған бұйымдары мен мүсіндік формалары рухани астарға ие, көркемдік құндылығы жоғары.
Т.Сәрсенбаев тек өнермен шектелмеген. Ол каратэден қара белбеу иегері, шығыс жекпе-жектерінің философиясын бойына сіңірген тұлға. Бұл оның шығармашылығына – тәртіп, сабыр, рухани биіктік, жинақылық сынды қасиеттердің сіңуіне ықпал еткен.
Оның еңбектері қазақтың қолөнері мен музыкалық аспаптарын жаңғырту арқылы ұлттың мәдени жадысын сақтауға, өскелең ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Ол – өнерді тек әсемдік үшін емес, тәрбиелік, тарихи, философиялық мәні бар рухани кеңістік ретінде қарастыратын суреткер.
Төлеген Сәрсенбаев – қазақтың ұлт ретінде жаңғыру жолындағы мәдени бет-бейнесін сақтауға елеулі үлес қосқан шебер-зерттеуші. Оның қобызды жаңғыртудағы еңбегі мен қолданбалы өнердегі шеберлігі – ұлттық мұраға деген адалдықтың және соны келер ұрпаққа жеткізудің айқын үлгісі.
Әділхан Мәлік 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Ол — халықаралық Тұран-суретшілер консолидациясының мүшесі, қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген суретші әрі ақын. Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Өнер мен әдебиетті ұштастырған Әділханның жеке шығармашылығы екі негізгі бағытта дамыған:
Оның жеке сурет альбомы «Отырар романтизмі» деген атпен жарық көрген. Бұл альбомда ол Отырар өңірінің көркем бейнесін, тарихи-мәдени рухын ерекше суреттеген. Әділханның «Тамшы» атты жыр жинағы оқырмандардың көңілінен шығып, оның ақындық талантының айғағы болды.
Әділхан Мәлік — қазақ мәдениеті мен өнерін терең түсініп, өз шығармашылығымен ұлт рухын жаңғыртып жүрген талантты тұлға. Оның сурет пен поэзиядағы еңбектері Қазақстанның көркем өнер мен әдебиет саласының дамуында өз орыны бар.
Болат Мекебай 22.08.1964 жылы Көшетау қаласында туған. Ол — көп қырлы өнер адамы, суретші әрі жазушы. «От рассвета и до заката» романы мен «Долгая дорога к встрече» кітабыеың авторы.Германияда тұрады. Ол «Халықтар өнері» халықаралық ассоциациясының лауреаты және Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Қуандық Мадиров — суретші, композитор, педагог және мәдениет қайраткері. Халықаралық»Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты.
Қуандық Мадиров 1965 жылы 10 шілдеде Атырау облысы, Нарын құмы етегінде дүниеге келген. Ол көпқырлы талант иесі — суретші, композитор, педагог, публицист, өнертанушы және қоғам қайраткері. Қуандық Мадиров Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразиялық Дизайнерлер одағының, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі болып табылады.
Өнер саласында өзіндік орны бар Қуандық Мадиров бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды. Оның құрметіне ІІ Республикалық «Үкілі Үміт» сыйлығы, облыстық «Тарихқа тағзым» және «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, ол ҚР Мәдениет саласының үздігі атанып, доцент және қауымдастырылған профессор дәрежесіне ие.
Қуандық Мадировтың шығармашылық мұрасы көпқырлы. Ол бірнеше көркем және әдістемелік еңбектердің авторы:«Талбесік» және «Жыр-Жайық» атты кітаптар мен қоса «Сурет салудың негізгі заңдылықтары мен ережелері»,«Натюрморт салу жолдары», «Адам басы анатомиясын бейнелеу және өнер тарихы» атты әдістемелік-оқу құралдары.
2010 жылы Қуандық Мадиров тұңғыш рет үш тілде жарық көрген «Жазира-Жайық» — «Батыс Қазақстан суретшілері» атты альбомын шығарды. Сонымен қатар, ол 40-тан астам жинақ-каталогтардың авторы ретінде танымал.Музыка саласында да Қуандық Мадиров Атырау және Батыс Қазақстан облыстары композиторлары антологиясына бірнеше музыкалық шығармаларын енгізді.
1997 жылдан бастап Қуандық Мадиров Батыс Қазақстан облысының «Өнер» қоғамдық қорының президенті болып қызмет атқарды. 2013 жылдан бастап ол «ҚР БҚО Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде мәдениетті дамытуға және талантты жас суретшілерді қолдауға өз үлесін қосуда.
Қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысымен ерекшеленетін Қуандық Мадиров — Қазақстан мәдениеті мен өнерінің дамуына өзіндік үлес қосушы көпқырлы тұлға.
Жеңіс Какен — қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, кәсіби суретші, кескіндемеші, график, кітап иллюстраторы және өнертанушы. Ол 1965 жылы 9 мамырда Алматы облысы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Өзінің сан қырлы шығармашылығы арқылы ұлттық өнердің беделін көтеріп, қазақтың рухани болмысын заманауи өнер тілімен танытып жүрген санаулы азаматтардың бірі.
Жеңіс Какен — кескіндеме мен графикада өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан шебер. Суретшінің тағы бір маңызды бағыты —өнертану. Өнер туралы терең зерттеулер мен толғаныстарын қамтыған «Ақзер» атты өнертанулық кітабы шыққан. Бұл еңбек — қазақ бейнелеу өнерін зерттеуге арналған бағалы өнертанулық басылымдардың бірі. «Ақзер» кітабында танымал суретшілер туралы өзіндік мақаммен жазылған. Жеңіс Какен — Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері атағының иегері. Оның шығармашылық еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 2010 жылы Президенттік стипендиямен марапатталған. Суретшінің жеке сурет альбомы да жарық көрген. Оның туындылары мен еңбектері — қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, болашақ ұрпаққа мәдени мұра қалдыру жолындағы тамаша үлгілердің бірі.
Есенғали Садырбаев — қазақ мәдениетінің сан саласында еңбек етіп жүрген дарынды суретші, этнограф және жазушы. Ол 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ұлттық тарих пен дәстүрге терең бойлап, оны бейнелеу өнері мен көркем әдебиет арқылы жаңғыртып жүрген санаулы тұлғалардың бірі.
Кәсіби суретші ретінде Есенғали Садырбаевтың қолтаңбасы ерекше. Оның картиналарында қазақ халқының этнографиясы, тұрмыс-салты, ежелгі мәдениеті көркем әрі шынайы бейнеленеді. Сонымен қатар, этнограф ретіндегі терең білімін көркем туындыларымен қатар, ғылыми-зерттеу еңбектерінде де таныта білген.
Есенғали Садырбаевтың әдеби шығармашылығы да назар аударарлық. Ол тарихи және танымдық бағытта жазылған бірнеше романның авторы. Атап айтқанда, «Отырар саудегері», «Отырар көпесінің қазынасы» және «Жыртқыш құстар қорғаушысы» атты романдары — тек шытырман оқиғалы емес, сонымен қатар тарихи-мәдени мазмұнға бай шығармалар. Бұл еңбектерде ол ұлттық мұраны насихаттай отырып, оқырманын өткен ғасырлар қойнауына жетелейді. Автордың қаламынан туған кейіпкерлер — тарихи санасы оянған, ізденгіш әрі рухани терең тұлғалар.
Оның шығармалары тарихи деректер мен этнографиялық танымға негізделе отырып, көркем қиялмен шебер ұштасқан. Осы туындылары арқылы Есенғали Садырбаев оқырманға тек оқиғалық желі емес, ұлттық болмыстың мәнін ұғындырады, қазақы рухты сезіндіреді.
Есенғали Садырбаев —Халықаралық «Тұран» көркемөнер сыйлықтарының лауреаты. Бұл марапат оның өнер мен әдебиеттегі еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Есенғали Садырбаевтың шығармашылығы — қазақтың өткенін қадірлеуге, болашағына сеніммен қарауға үндейтін мәдени мұра.
СӘУЛЕТШІЛЕР ТУРАЛЫ
Меңдіқұлов Малбағар — қазақ сәулет өнерінің ірі қайраткері, Алматы қаласының тұңғыш бас сәулетшісі.
Меңдіқұлов Малбағар (10 қараша 1909, Орынбор облысы, Адамовка ауданы – 17 тамыз 1986, Алматы) — Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі (1970), сәулет өнері ғылымының профессоры (1976), сондай-ақ КСРО құрылыс және архитектура академиясының корреспондент мүшесі (1957). Қазақ архитектурасының дамуына және зерттелуіне айрықша үлес қосқан бірегей тұлға.
Меңдіқұловтың шығармашылық және ғылыми жолы Ташкент қаласынан басталды. 1937–1947 жылдары ол Ташкент қаласының бас сәулетшісі қызметін атқарды, қала жобалау ісінде елеулі еңбек сіңірді. Бұл кезең оның кәсіби шеберлігін қалыптастырған маңызды уақыт болды.
1947 жылы Алматыға қоныс аударған Меңдіқұлов Малбағар қала сәулет өнерінің дамуына белсенді араласты. Ол Алматы қаласының тұңғыш бас архитектор ретінде белгілі. 1967–1968 жылдары өткен Бүкілодақтық жабық бәйгеде Алматы қаласының орталық бөлігінің жоспарын жасау бойынша 2-орынға ие болды. Бұл оның кәсіби шеберлігін әрі ғылыми біліктілігін танытты.
Сонымен қатар, Меңдіқұлов — Батыс Қазақстандағы сәулет өнерінің ерекше жәдігерлерінің бірі — мемориалды мешіт-ғимараттар кешендерін жүйелеп, ғылыми тұрғыдан зерттеудің негізін салды. Оның зерттеулері Шопан Ата, Бекет Ата, Асан Қожа, Сейсен Ата сияқты тарихи кесене-кешендердің маңыздылығын ашуға септігін тигізді.Меңдіқұлов Малбағар қазақ архитектурасын зерттеуде 70-тен астам ғылыми еңбек пен 4 монография жазды. Оның еңбектері арасында екі томдық «Қазақ архитектурасының тарихы» атты еңбегі ерекше орын алады. Бұл кітаптар қазақ сәулет өнерінің тарихи даму жолын жан-жақты қамтып, ұлттық мәдениетті терең зерттеуге негіз болды.
Меңдіқұловтың шығармашылығы мен ғылыми еңбектері қазақ сәулет өнерінің дамуына, ұлттық мәдени мұраны сақтауға зор үлес қосты. Ол — кәсіби шеберлігі мен ғылыми жаңалықтары арқылы ел архитектурасының қалыптасуына жол ашқан ірі ғалым әрі сәулетші ретінде мәңгі есте қалатын тұлға.
Қалқаман Тілеуханов (1942–2008) — қазақтың дәстүрлі мәдениетін, қолөнерін және рухани құндылықтарын заманауи өнермен үйлестіре білген сәулетші, дизайнер, сәндік-қолданбалы өнер шебері. Ол Қарағанды облысында дүниеге келген. Шығармашылық жолында ұлттық өнер мен заманауи дизайнның тоғысында тың бағыт қалыптастырып, өзіндік дара жолын тапқан ерекше тұлға.
Жастайынан өнерге бейім болған Қалқаман Тілеуханов студенттік шағында-ақ қоғамдық белсенділік танытып, М. Әуезов пен Б. Тайжан сынды зиялылармен бірге қазақ жастарының сана-сезімін оятуға бағытталған әйгілі «Жас тұлпар» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл оның болмысындағы ұлттық рух пен жаңашылдықтың ерте қалыптасқанын аңғартады.
1988 жылы 4 сәуірде ол «Мирас» кооперативін құрып, соның негізінде «Шеберлер ауылы» жобасын іске асырды. Бұл бастама — тек кәсіптік қадам емес, қазақтың ұмыт бола бастаған дәстүрлі шеберлік өнерін жаңғыртуға бағытталған мәдени-миссиялық жоба еді. «Шеберлер ауылы» сол жылдары еліміздегі ең ірі этно-дизайн орталықтарының біріне айналды.
Қалқаман Тілеухановтың шығармашылығы сәндік-қолданбалы өнер саласында кеңінен танылды. Ол керамика, металл, ағаш, мата секілді түрлі материалдармен жұмыс істей отырып, ұлттық стиль мен заманауи форманы үйлестіре білді. Әр туындысы — шебердің жан-дүниесінің көрінісі, тарихи-мәдени мұраға деген құрметінің белгісі.
Қалекеңнің басты ерекшелігі — сол элементтерді жаңаша стильмен қолдана отырып, бүгінгі заманның көркемдік талабына сай жаңа формалар тудыруы. Оның жұмыстарынан терең философиялық ой, ұлттық сана мен рухани сабақтастық айқын сезіледі.
Оның туындылары — тек әсемдікке бағытталған заттар емес, мәдени-рухани мәнге ие өнер үлгілері. Олар көрмелер мен экспозицияларда жоғары бағаланып, ұлттық қолөнеріміздің көркем көрінісі ретінде ел ішіне кеңінен танылды. Қалқаман Тілеуханов — қазақ қолөнері мен заманауи өнерінің арасындағы көпір іспеттес, өнерді ұлттық болмыс пен замана талабына бейімдей білген дара тұлға.
Төлеубек Сейтқалиұлы Карамендин — тәуелсіздік пен демократия үшін күрескен сәулетші әрі қоғам қайраткері. Төлеубек Сейтқалиұлы Карамендин 1942 жылы Семей облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Ол — сәулет ғылымдарының кандидаты, профессор, журналист және белсенді қоғам қайраткері. 1971 жылы өзінің ғылыми зерттеулері негізінде сәулет ғылымдарының кандидаты атағын қорғап, еліміздің сәулет өнері мен құрылыс саласында маңызды зерттеулер жүргізген.Төлеубек Сейтқалиұлы — Қазақстанның тәуелсіздігі мен демократиясын нығайту жолында үздіксіз күрес жүргізген азаттық қозғалысының белді қайраткерлерінің бірі. Ол — Азат партиясының соңғы төрағасы және еліміздің саяси өмірінде өз үлесін қосқан мемлекеттік қайраткері.Балалық шағында әнші болуды армандаған ол, кейін сәулетші мамандығын таңдай отырып, өнер мен шығармашылықты бір арнада тоғыстырған. Оның ғалым сәулетші ретінде еңбектерінің бірі — Алматы қаласында бір кездері сәнге айналған, ұлутаспен ғимараттардың сыртын қаптаудың тиімсіздігін дәлелдеп, оны тоқтату жолында маңызды пікірлер айтқаны. Бұл оның кәсіби шеберлігімен қатар, қала құрылысындағы экологиялық және эстетикалық мәселелерге жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Қалажобалау саласында Төлеубек Сейтқалиұлының пікірлері көп жағдайда дәлелді әрі негізді болған, оның көзқарастары бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Төлеубек Сейтқалиұлы Карамендин — нағыз замануй батыр, өз дәуірінің қиын-қыстау кезеңінде ұлттық идея мен қоғамдық әділеттілікті қорғаған қайсар тұлға. Оның өмірі мен еңбегі Қазақстанның тәуелсіздік пен демократия жолындағы күресінің бір бөлігі ретінде мәңгі есте қалатын маңызды мұра болып табылады.
Хайролла Ғабжалилов — сәулетші, дизайнер, тарихшы және ұлттық валютаның авторы.
Хайролла Ғабжалилов 1950 жылы 29 сәуірде Тахтақөпір ауданы, Қарақалпақстанда дүниеге келген. Ол — сәулетші, дизайнер және тарихшы ретінде танымал тұлға. Ғабжалилов – Қазақстанның төл ұлттық валютасы – теңгенің авторларының бірі, оның жобалау мен дизайнын жасау ісінде негізгі рөл атқарған.
Хайролла Ғабжалилов 1975 жылы Чехословакияның Прага қаласында суретші-сәулетшілер мектебін, ал 1976 жылы Самарқан сәулет-құрылыс институтын бітірген. Өзінің кәсіби жолын Алматыда 1980 жылы бастап, «Қазқалақұрылыс-жоба» мемлекеттік жобалау институтында аға архитектор, топ жетекшісі және жобаның бас архитекторы болып қызмет атқарды. Бұл кезең оның жобалау саласындағы біліктілігін арттырып, үлкен тәжірибе жинауына мүмкіндік берді. 1992 жылы Ғабжалилов Қазақстан дизайн орталығының бас директоры лауазымына тағайындалып, ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға өз үлесін қосты. Осы қызметінде ол жетекшілік ететін арнаулы топ Қазақстан Ұлттық банкінің тапсырмасымен ұлттық валюта – теңгенің үлгі-жобасын жасап шығарды. Бұл ұлттық валюта дизайнының қалыптасуына елеулі ықпал етіп, Қазақстанның тәуелсіздік символдарының бірі болып саналады.
Сонымен қатар, Хайролла Ғабжалилов — тарихшы ретінде де танымал. Ол қазақ тарихы мен этникалық зерттеулерге қатысты 12 томдық еңбектер мен қазақ рулары туралы көптомдық басылымдардың авторы. Бұл зерттеулері ұлттық мәдениет пен тарихты терең түсінуге, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосқан.
Хайролла Ғабжалилов — сәулет, дизайн және тарих салаларын шебер ұштастырып, Қазақстанның мәдени-тарихи және ұлттық құндылықтарын дәріптеген ірі тұлға. Оның шығармашылық және ғылыми еңбектері еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға зор үлес қосқан маңызды мұра болып табылады.
Өнер жолында көзі тірісінде аттары аңызға айналған Досжан Өтеков, Қалқаман Тілеуханов, Мұхамеджан Әлімбай,Тайжан Досанов, Дәркембай Шоқпаровпен талай сұхбаттасып, сыр бөліскенім бар. Олар – тек сурет салып қана қоймай, өнердің сан алуан саласына қалам тартқан, жан-жақты дарын иелері еді. Әрқайсысының өзіне тән болмысы, өмірге, өнерге деген көзқарасы бар болатын. Бұл ағалар қазір ортамызда жоқ, марқұм болып кетседе, олардың шығармашылығы, артында қалдырған мұрасы – мәңгілік. Мен олардың көзі тірісінде жүздесіп, әңгімесін тыңдап үлгергенімді үлкен бір тағдырдың сыйы деп білемін.
Бүгінгі таңда әмбебап суретші болу – заман талабына сай өзіндік құбылыс ретінде қарау керек Сандық құралдардың дамуы, мультимедиа технологияларының өнерге енуі суретшіден тек дәстүрлі машық емес, сонымен қатар бағдарламалық, технологиялық сауаттылықты да талап етеді.
Цифрлық графикамен қатар мүсіндеу, 3D модельдеу, анимация жасау немесе NFT өнер туындыларын шығару – қазіргі суретшінің мүмкіндіктерінің бірі. Бұл әмбебаптық көрерменнің жаңа талаптарына жауап беруге, өнердің шекарасын кеңейтуге жол ашады.
— Қазіргі таңда жастар арасында алаңдатарлық құбылыстың бір әмбептық дарындардың азшылығы. Оның басты кесірі тектілік пен тәрбие атаулы екінші орынға ысырылып, орнына жасанды дағды, бөтен болмыс еніп барады. Балалардың есімдері – арабша, ал тілдері – орысша. Бұл дүбаралық – тамырынан ажыраған ұрпақтың бейнесі. Мұндай рухани жалғастықтан әмбебаптық немесе кемелдік қасиет күту бекершілік екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Әмбебаптық дарындарымен көзге түскен екі азамтты атап өткім келеді. Қайрат Жәйірбекұлы 1973 жылы 30 желтоқсанда ҚХР-да туылған. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі, Халықаралық Тұран-суретшілер консолидациясының мүшесі. Суретші, ақын, биші, композитр. Ақын ретінде де ол жан дүниесінің терең иірімдерін жырмен өріп, поэзия арқылы адам мен қоғам, тарих пен болмыс туралы ой толғайды. Суретші ретінде Қайрат Жәйірбекұлының туындылары терең ойлы, символдық мәнге толы. Ал Серікжан Ысқақбек 1978 жылы 27 шілде ҚХР-да туылған. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Талантты кескіндемеші, қолөнер шебері әрі тамаша әнші, күйші. Бұл екі суретші көрерменге эстетикалық әсер ғана емес, рухани толғаныс сыйлайтын туындыларды дүниеге әкеліп кемелденуде. Қос азамат – арғы беттен келген, ана тілінің уызына жарып, ұлттық болмысты бойына сіңіріп өскен азаматтар. Олардың жүрек төрінде – ел мен жерге деген сүйіспеншілік, жан дүниесінде – қазақы тәрбие мен рухани тұтастық жатыр.
Менің түйгенім ана тілі мен ұлттық тәрбиеден ажыраған қоғамда ішкі мазмұн жұтаңдайды, ал ол – ұлт ретінде жойылудың бастауы. Сондықтан бүгінгі күннің ең өзекті міндеті – тіл мен ділге, тектілік пен тәрбиеге қайта оралу. Осы жолда ұлттық рухты оятқан, ұрпақ санасын жаңғыртқан әмбебап тұлғалар үлкен үлес қосып келеді. Әмбебап суретші – бұл шығармашылық еркіндікті ту еткен, шеберлігі мен ізденісі арқылы жаңа көркем кеңістіктерді ашатын тұлға. Олар өнерді тек бейнелеу құралы емес, қоғаммен байланыс орнату, сұрақтар қою және мәдени диалог құру құралы ретінде қарастырады. Болашақта да әмбебап суретшілер өнер әлеміндегі жетекші күш болып қала бермек.